Оңтүстік Азияның екі ядролық державасы - Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс күшейіп барады. Екі ел жауынгерлері бір-біріне оқ атқан. Құрбандар туралы мәлімет жоқ. Бірақ үнді армиясы көрші елге әскери соққы беруі мүмкін екенін аңғартты. Ал Пәкістан мұндай шабуылды жауапсыз қалдырмайтынын ескертіп отыр.
Аймақтағы жағдайдың ушығуына Кашмирдің үндістандық бөлігінде сейсенбі күні 26 туристің оққа ұшып мерт болуы себепші. Саяхатшылардың көбі - үнділер еді. Қантөгіс үшін Нью-Дели Пәкістанды айыптады. Исламабад тағылған кінәні мойындамады. Соңғы мәліметке қарағада, екі ел арасындағы шекара жабылып, сауда тоқтап, көршілес мемлекеттер бір-бірінің азаматтарын визадан айырып жатыр. Үндістан Үнді өзенін бірге пайдалану туралы келісімнен шықты. Бұл шешімді Пәкістан «соғыс актісі» деп қарастырып, үндістандық ұшақтар үшін әуе кеңістігін жапқанын жариялады.
Арай Төлегенқызы
