Стамбұл халқын бүгін жойқын дүмпулер дүрліктірді. 1 сағатта бес рет жер сілкінді. Зілзалының магнитудасы 6,2 баллға жеткен. Үрейлеген тұрғындар қайда бас сауғаларын білмей дал болды. Жағдайды Түркиядағы жерлестерімізбен тілдескен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес баяндасын.
Силиври жағалауынан тараған дүмпуден дүрліккен 15 млн стамбұлдық тайлы-тұяғымен көшеге шыққан. Жан-жағына үреймен қарап, баратын бағытын білмеген халық зілзала болатынынан хабарсыз болған. Сонда жүрген жерлестеріміздің айтуынша, билік не мемлекеттік орган болып тұрғындарға апат туралы ескертпеген.
Күмісай Айымбетова, Қазақстан Республикасының азаматы:
Шынымды айтсам мен бірінші рет мұндай қатты жер сілкінісін көрдім. Қорқып кеттік. Жергілікті тұрғындар үрейленіп қалған. Бір-бірін итеріп, көшеге шықтық. 9-10 минуттай бұрын тағы да қайталанды. Бірақ 1-2 балдық болды ғой деймін. Алдын ала ескерту болған жоқ. Ешқандай мәлімдеме қазір айтылып жатқан жоқ. Біз төртінші қабатта тұрамыз. Қазір қайда барарымызды білмейміз. Мекендейтін жер әлі айтылған жоқ.
Жағдайды Қазақстанның Сыртқы істер министрі бақылап отыр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Стамбұлда 1137 отандасымыз тіркелген.
Түркияның төтенше жағдайлар және табиғи апаттар басқармасының мәліметінше, түстен кейін бір сағатта 5 рет жер сілкінісі болып, магнитудасы 6,2 баллға дейін жеткен. Дүмпудің ошағы Түркияның еуропалық бөлігіндегі Мәрмәр теңізінің Силиври жағалауы. Жер сілкінісінің 6,92 шақырым тереңдікте орын алғаны нақтыланып отыр.
Айта кету керек, бүгін Түркияның егемендігі мен балалар күні. Мерекенің шырқын бұзып, тұрғындар өміріне қауіп төндірген табиғи апатқа қатысты ел президенті Режеп Тайип Ердоған мынадай мәлімдеме жасады.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
Зілзаладан зардап шеккен тұрғындарға өз қолдауымды білдіремін. Апатқа қатысты тиісті органдардан барлық ақпаратты алдым. Қазір жағдайдың қалай өрбитінін бақылап отырмыз.
Мамандар Стамбұлда жер сілкісі қайталануы мүмкін деген болжам айтып отыр. Сондықтан Ердоған Түркияның тиісті министрліктеріне жағдайды бақылауда ұстап, қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.
Еске саламыз, 2023 жылы Түркияның Газиантеп, Адана, Анкара және Кахраманмараш сынды 10 қаласында тарихтағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірі болған еді. Дүмпудің салдарынан 30 мыңнан астам адам зардап шегіп, 18 мыңға жуығы көз жұмды. Мыңдаған ғимарат қираған еді.
Нұрсұлтан Тілектес
