Маңғыстауда 100-ден астам тұрғын «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасының барлық шарттарына лайық деп танылып, пәтер іздеуге кіріскен. Ал «Наурыз» бағдарламасы бойынша 200 адам байқаудан өтті. Қазір олардың төлем қабілеті тексеріліп жатыр. Осы клиенттерге «Отбасы банк» арнайы тур ұйымдастырып, дайын тұрғын үй кешендерін таныстырды.
Ақтаулық Гүлназ Оңдасынова «Наурыз» бағдарламасына өтінім беріп, байқаудан өткен. Енді ол 30 миллион теңгеге дейінгі сомаға қалаған пәтерін сатып ала алады.
Гүлназ Оңдасынова, қала тұрғыны:
«Отбасы банкке» рахмет. Осылай халықтың жағдайын ойлап, «Отбасы турды» ашып жатырғанына. Тұрғын үй кешендерін көріп, қолмен ұстап көрдік. Уақытымызды үнемдеп бір жағынан. Өзім екі бөлмелі үй қарап жүрмін.
Наурызбек Алуадинов «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы 12 жыл армандаған пәтеріне қол жеткізді. Көпбалалы әке зауытта жұмыс істейді.
Наурызбек Алуадинов қала тұрғыны:
Осы армандап қол жеткен ең алғашқы үйім. «Отбасы банкке» көптеген рахмет айтамын сол үшін. 2 бөлмелі баспанаға қол жеткіздім, 92 шаршы метр. Мемлекеттің қолдауымен беріліп жатқан өте тиімді, пайдалы заттар.
«Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары көпшіліктің көңілінен шыққан. Себебі кезекте тұрмаса да, бағдарламаға қатысып, баспаналы болуға мүмкіндік бар.
Медет Әбуғалиев, «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры:
Бұрын мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін кезекте тұру керек еді. Қазіргі таңда атыңда, өз отбасы мүшелерінің атында 5 жыл үй болмаса, бәрі қатыса алады. Айырмашылығы осы. Жаңадан салынған пәтерлерден алу керек, біріншіден. Екіншіден, максималдық сомасы 30 млн теңге.
Банк қызметкерлері «Отбасы турды» биыл екінші рет ұйымдастырды. Мақсат - клиентердің уақытын үнемдеп, құрылысы аяқталған нысандарды көрсету.
Аягөз Оралбайқызы
