Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды дамыту» мелекеттік бағдарламасы бойынша 38 емдеу мекемесі салынды. Құрылысқа 5,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Алайда халық жаңа нысандардың игілігін көре алмай келеді. 21 медициналық пункт әлі күнге жабық тұр. Олардың басым бөлігі желтоқсан айында салтанатты түрде ашылып, бір күн де жұмыс істемей, қайтадан жабылған.
Эльмира Кәленова, тілші:
Бұл иесіз ғимарат - Новомихайловка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункті. Мемлекеттің қаржысына салынған ғимараттың кейін қабырғалары құлап қалған. Нысанның басым бөлігі 5 жылдан бері жабық тұр.
Ғимарат апатты деп танылған. Соған қарамастан ұжым бір бұрышында 200-ден астам адамға медициналық қызмет көрсетіп отыр. Былтыр ауылда жаңадан фельдшерлік акушерлік пункт салынды. Нысан желтоқсан айында салтанатты түрде ашылған. Алайда әлі күнге есігі құлыптаулы.
Екатерина Зиль, ауыл тұрғыны:
Осы фельдшерлік-акушерлік пункттің жанында тұрамын. Қыста ашылып жатқанын көрдім. Одан кейін жиһаз бен медициналық қондырғылар әкелінді. Алайда іске қосылған жоқ. Маңайын абаттандыру жұмысы да аяқталмады.
Бостандық ауылының тұрғындары да 150 млн теңгеден астам қаражатқа салынған емдеу мекемесінің игілігін көре алмадық дейді. Жаңадан әкелінген медициналық қондырғылар қаңтарылып тұр.
Майраш Қонина, фельдшер:
Адамдарды қабылдаған жоқпыз. Адамдарды сол ескі медпунктта қабылдадық. Енді осы сәуірде ашады деп жоспарланып отыр. Емшара кабинеті заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген және физиокабинеттері бар.
Ауылдарды аралап жүріп, төрт емдеу мекемесіне бардық. Барлығының қабырғалары жарылып, сылағы түсіп жатыр. Маңайы да абаттандырылмай, ашық-шашық күйі жатыр.
Қаржыландыру уақытылы болмағандықтан, құрылыс жұмыстары қараша және желтоқсан айларында жалғасқан болатын. Аяқталған кезде ешқандай ақау байқалмады. Көктемде ауа райының жылынуынан абаттындыру мен тас төсеніштерінің отыруы және сыртқы әрлдеу, ішкі әрлдеу жұмыстарының жарылуы бойынша ақаулар анықталды.
Қаржының 90 пайызы республика қазынасынан бөлінді. Құрылысты 13 мердігер компания жүргізген. Шартқа сәйкес кепілдік мерзімі – 3 жыл. Әкімдік өкілдері барлық ақау құрылыс компанияларының есебінен жойылады деп сендірді.
Эльмира Кәленова
