Жамбыл облысындағы мекеме басшысы мемлекеттен миллиондап ақша жымқырған
Жамбыл облысы Қордай ауылында мектепке дейінгі мекеме басшысы балабақшаға бармаған балалар үшін мемлекеттен миллиондап ақша алып келген. Есепші екеуі соңғы екі жарым жылда 45 млн теңгеден аса қаржыны қолды қылған.
Яғни олар министрлік тарапынан бір бала үшін берілетін ақшаны өзара бөліп алып жүрген. Ал жымысқы ойларын жалған құжат жасау арқылы жүзеге асырған. Заңсыз бюджет қаражатын жымқыру дерегін аудан прокурорлары анықтады. Құзырлы орган тарабы әзірге істің жай-жапсарын құпия қалдырып отыр. Тергеу жалғасып жатқандықтан, күдіктілер саны өсуі мүмкін дейді. Ал қаржылық қылмысқа қатысы барлардың кінәсі дәлелденсе, 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Әмір Батухан, Қордай ауданы прокуратурасының прокуроры:
Ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру фактісі аудан прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне Қылмыстық кодекстің 189-шы бабы, 4-ші бөлігінің 2-ші тармағымен тіркелді. Тергеп-тексеру Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне тапсырылды.
Данияр Әлімқұл
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
