Қазақстандағы ақша айырбастау пункттерінде алтын сату тоқтатылды. Бұл туралы ақпараттық агенттіктер хабарлады. Ұлттық банк өндірістік және логистикалық қиындықтарға байланысты қазір екінші деңгейлі банктер мен айырбас пунктерінде алтын сатуды уақытша тоқтатқан. Бұған дейін Тимур Сүлейменов еліміз 19 ақпаннан бастап алтынды шетелге сатуға шектеу қойғанын хабарлаған еді. Қазір әлемдік нарықтағы бір унция алтынның құны 3 330 доллар. Бұл бұрын-соңды болмаған баға. Сарапшылар мұны Трамп бастаған әлемдік соғыстың өршуімен байланыстырады. Ал Қазақстанда бір грамм алтынның бағасы 55 мың теңгеден асады. Кейбір ірі банктерде ол 60 мың теңгеден сатылып жатыр. Қаржы ұйымдарының бірінде алтын бағасы соңғы бір жылда 62 пайызға дейін өскен.
Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:
Алтынның бір унциясы шетелдегі үлкен Америка банктерінің өзінде 3200-3300, ал болашақта алдағы ұзақ мерзімдегі болжамдар бойынша 4 мың долларға дейін өседі. Әрине бұл болжам күйінде қалады. Сондықтан кез келген мемлекет болсын, жеке азамат болсын, өзінің болашаққа жинайтын қорын міндетті түрде, тек қана бір алтында жинау деген сөз емес. Ол бірнеше пакетке бөлу керек. Қозғалмайтын мүліктер, алтын және қымбат қағаздар деген сияқты.
Айя Мүтәлі
