Аутизмнің экологиялық себептерін анықтауға қатысты зерттеу жүргізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аутизмнің экологиялық себептерін анықтауға қатысты зерттеу жүргізілмек

17.04.2025

Қазақстанда аутизмі бар 15 мыңнан астам бала тұрады. Ал, бейресми деректерге сүйенсек, 35 мыңнан асады. Бұл сала мамандарының мәліметі. Соңғы кезде ерекше балалар тек Қазақстанда ғана емес, әлемде көбейген. Осы ретте, АҚШ-та аутизмнің көбеюіне байланысты жаңа зерттеулер жүргізілмек. Елдің денсаулық сақтау министрі Роберт Кеннеди осылай деп мәлімдеді. Баспасөз мәслихатында министр нақты экологиялық факторларды анықтайтынын айтты. Яғни, зерттеу кезінде ауа, су, тамақ, ультрадыбыс, ата-аналардың жасы, семіздік пен диабет деректері есепке алынбақ. Аутизмнің неден пайда болатыны әзір белгісіз. 2000 жылдан бастап АҚШ-та мұндай диагноз күрт көбейген. Кеннедидің айтуынша, зерттеу нәтижелері қыркүйекке таман белгілі болады.

  Роберт Кеннеди, АҚШ-тың денсаулық сақтау министрі:

Аутизм қоршаған ортаның әсерінен болады. Ген эпидемия тудырмайды. Экологиялық токсинді іздеп табуымыз керек. Біреулер сол уытты ауаға, суға, дәрі-дәрмекке, тамаққа қосып, пайда тауып отыр. Екі-үш аптада аутизмге әкелетін экологиялық токсиндерді анықтау бойынша зерттеулер басталады.

 Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу