Франция мектептерінде ұялы телефонға тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франция мектептерінде ұялы телефонға тыйым салынды

17.04.2025

Франция үкіметі мектепте ұялы телефон қолдануға толықтай тыйым салды. Қыркүйектен бастап оқушылар сабаққа смартфонсыз кіреді. Бұл былтыр эксперимент ретінде енгізілген «Цифрлық үзіліс» жобасының жалғасы. Елдің білім министрі «Ұлттың саулығы» үшін осындай шешім қабылдадық деп мәлімдеді. 

Мектептің табалдырығын аттағаннан оқушылар ұялы телефондарын осындай арнайы жәшік, қораптарға салуға міндетті. Былтыр қыркүйекте сынақ ретінде енгізілген «Цифрлық үзіліс» жобасына елдің 200 орта мектебі мен 50 мың бала қатысқан. «Жобаның арқасында телефонға тәуелділіктен арылдық», - дейді оқушылар.

Матиас Годэ, оқушы:

Бұрын телефонға телміріп отыратынмын. Ойыннан ұтылсам, ашуланып, сабаққа, ештеңеге зауқым болмайтын. Қазір сыныптастарыммен ойнап, уақытты ұтымды пайдалануды үйрендім.

Жобаның тағы бір тиімді тұсы - оқушылардың үлгерімі жақсарып, білім ошақтарында әлімжеттік, кибербуллинг азайған. Сол үшін білім министрі жаңа оқу жылынан бастап елдің барлық орта мектептерінде телефонға тыйым салды.

Элизабет Борн, Францияның ұлттық білім министрі:

Қазір жасөспірімдер орта есеппен телефонға күніне бес сағат телміреді. Ал кітапқа аптасына үш сағат қана уақыт бөледі. «Цифрлық үзіліс» осы олқылықтың орнын толтырып, ұлт саулығы мен сауаттылығы үшін қажет.

Жаңа ережеге сәйкес, телефон оқушыдан таңғы сегізде тәркіленіп, электронды түрде бұғатталатын сейфтерге салынбақ. Иесіне тек түскі сағат төртте, мектептен шығарда қайтарылады.

 Нұрсұлу Қасым:
Бала смартфонға телміріп, желінің жетегінде кетпес үшін Бельгия, Нидерланд, Испания, Грекияда да бастауыш сынып оқушыларына мектепте ұялы телефон қолдануға тыйым салынған. ЕуроОдақтың тағы бірнеше елінде оқушыларға ата-анасымен байланысуға мынадай ескі үлгідегі телефондарды ғана пайдалануға рұқсат етілген. Сондықтан, қазір қарт құрлықта осындай телефондарға сұраныс көбейді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу