Елордада 3 күн ішінде астан уланған 20 жағдай тіркелді. Оның 16-сы ауруханада ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендер қаладағы дәмханалардың біріне шағымданған. Алайда тараптың да өз уәжі бар. Мәселенің мән-жайын тілшіміз біліп келді.
Ақниет Балтанова, тілші:
Астанадағы кафелердің бірінде бастапқыда 9 адам астан уланды деген ақпарат тарады. Бірақ қалалық СЭС қазір олардың саны 20-ға жеткенін хабарлады. Қазір біз дәл сол кафеге келдік. Ішіне кіріп, жауаптылардан немесе иесінен нақты бір ақпарат алуға тырысамыз.
Көріп тұрсыздар, кафе штаттық режимде жұмыс істеп тұр...
Данияр Байтоков, дәмхана иесі:
Біз өзіміз СЭС зертханасын шақырдық. Өнімдеріміз толық тексерістен өтіп жатыр. Бізге хабарласқан адамдардың бәріне біз жақтан қандай көмек қажет болса, соны жасап жатырмыз.
Дәмхана иесінің айтуынша, уланған адамдардың барлығы тағамды үйге жеткізу қызметін пайдаланған. Сондықтан егжейлі-тегжейлі тексеріс аса қажет, дейді. Ал қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бүгінге дейін 16 адам дәрігердің көмегіне жүгінгенін, оның 15-і әлі ауруханада ем қабылдап жатқанын айтты.
Асылзат Аманханқызы, №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
14 сәуірден бастап балалар түсе бастады. Олардың шағымдары негізінен құсу, іш өту, дене қызуының жоғарылауы болды. Бізге жалпы осы күнге дейін 6 бала қаралды. Оның 5-еуі қазір ем алып жатыр. Бір бала ата-анасының қолхаты арқылы үй жағдайында ем алуға кетті. Жағдайы орташа дәрежелілері де бар және ауыр дәрежелі балалар да бар.
Астан уланған бүлдіршіндердің ең кішкентайы 9 айлық. Ең үлкені 14 жаста. Ал ішек инфекциясы диагнозымен түскен 10 ересек адам қалалық инфекциялық орталықта жатыр. Жағдайлары орташа ауыр болғандықтан дәрігерлердің жіті бақылауында.
Ақниет Балтанова, тілші:
Қалалық Сантитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қазір сол кафенің қызметкерлері мен тағамдарын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сынама алынды. Нәтижесі 3 күнде дайын болмақ. Ал Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары басталғанын хабарлады.
Ақниет Балтанова
