Францияда оқитын қос қандасымыз қазақ өнерін әлемге танытатын ивент агенттік құрды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияда оқитын қос қандасымыз қазақ өнерін әлемге танытатын ивент агенттік құрды

10.01.2018

Францияда оқитын қос қандасымыз қазақ мәдениетін, өнерін әлемге танытатын ивент агенттік құрды. «Art ambassadeurs», яғни, «Өнер елшісі» деп аталатын агенттіктің мақсаты - қазақстандық өнерпаздардың шетелге гастрольдік сапарын ұйымдастырып, концерт, спектакльдерін жоғары деңгейде өткізу. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттерінің Еуропаның үздік университеттерінде тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету. Агенттік «Астана Мюзикл» театры мен Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының қарт құрлықтың 5 мемлекетінде сәтті өнер көрсетуіне септігін тигізді. Алға қойған жоспарлары жеткілікті. 

Әйгерім Матаева, «Art ambassadeurs» агенттігін құрушы:

- Біз өзіміз шығармашылық адамы, музыкант болғандықтан, мұндай мәдени шараларды қалай ұйымдастыру керек екенін жақсы білеміз. Оның үстіне, былтыр Парижде «Қорқыт» қазақ мәдени орталығын ашып, біраз тәжірибе жинақтадық. Енді, сол тәжірибемізді пайдаланып, қазақстандық театр әртістеріне, музыканттарға көмектескіміз келеді. Қазақстанның азаматы болғаннан кейін елімізге бізден артық жаны ашитын, мәдениетімізді бізден артық түсінетін ешкім жоқ деп ойлаймын.

Әйгерім Ерсаинова, «Art ambassadeurs» агенттігін құрушы:

- Қазақ елі талантты. Оны көрсету керек. Біз үлкен дәрежеге жетіп тұрмыз. Оны шетелдіктер көріп, білуі қажет.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу