Орталық Азия елдеріне ортақ телеарна құрылады. Креативті хаб және журналистика академиясы жасақталуы мүмкін. Бүгін Астанада өткен ІІ Орталық Азия медиафорумда осындай бастамалар көтерілді. Басқа қандай мәселе талқыланды?
Орталық Азия өңірі әлемдік ірі медиаресурстар мен интернет-платформалар үшін қызығушылық тудыратын ортақ нарық ретінде қалыптасып келеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстан осы бағытта халықаралық байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Соның бір дәлелі ретінде өткен жылдың тамызында Астанада ашылған «Euronews» өкілдігін айтуға болады.
Клаус Штрунц, «Euronews» бас директоры:
Мен үшін Орталық Азиядағы медиа саланың дамуы қызық. Бұл өңірдегі ең жылдам өсіп келе жатқан саланың бірі. Біздің арнаның басты ұстанымы – көрермендерге әлемнің түкпір-түкпірінен бейтарап әрі сенімді ақпарат ұсыну. Бүгінде Euronews арнасы Еуропа халқының 82 пайызына қолжетімді. Сондықтан бұл, осы аймақ туралы қызық дүниелерді көрсетуге тамаша мүмкіндік.
Қазір «Euronews» командасы түркі тілдес халықтардың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы «Модерн номадс» телешоуын, «Орталық Азиядан шыққан дауыстар» тақырыптық сериясын, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждарын көрсетіп жатыр.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Форумда Орталық Азияның бірлескен телернасы құрылатыны туралы айтылды. Түркі елдеріне ортақ арна халықтардың достығы мен бірлігі және тарихынан сыр шертетін тележобалармен толығады.
Жоба Орталық Азия елдерінің ортақ тарихи және мәдени мұрасын, сауда-экономикалық, туристік әлеуетін насихаттауға мүмкіндік береді. Жиында айтылған тағы бір жағымды жағымды жаңалық - қазақстандық сериалдар мен фильмдердің ТМД, Еуропа және Азия елдеріне экспортталуы.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Қазақстандық сериалдар мен фильмдер телеарна мен стримингтік платформаларда жоғары көрсеткіштерге ие болып, ТМД, Еуропа және Азия елдеріне экспортталып жатыр. Осылайша Қазақстан «Креативті тауарлар мен қызметтер» бағыты бойынша «Жаһандық инновация индексі» рейтингінде 65-і орынға көтерілді.
Форумда бірнеше маңызды келісім жасалды. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан арасында 2025 жылға дейін медиа контент алмасу, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру және жалған ақпаратқа қарсы бірігіп күресу туралы құжатқа қол қойылды. Одан бөлек жуық арада елімізде әзербайжандық «CBC TV» телеарнасы хабар тарата бастауы мүмкін. Қазір арнаны тіркеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Венкат Айер, медиасарапшы:
Қазақстанда, жалпы Орталық Азияда медиа саласының деңгейі едәуір өскен. Осындай форумдар мен маңызды бастамалар оның әрі қарай дами түсуіне жол ашады. Бұл БАҚ өкілдерінің тәжірибе алмасып, өз идеяларын, білімін паш ететін үлкен алаң.
Форумға Орталық Азия елдерінен бөлек, Ұлыбритания, Қытай, Қатар және Ресейден 700-ден астам делегат қатысып жатыр. Жиын екі күнге жоспарланған. Ертең шетелдік білікті мамандар мен сарапшылар Орталық Азияның БАҚ өкілдеріне шеберлік сағаттарын өткізеді.
Нұрсұлтан Тілектес
