Францияда қазақ мәдениетін танытатын ивент агенттік ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияда қазақ мәдениетін танытатын ивент агенттік ашылды

09.01.2018

Францияда оқитын қос қандасымыз қазақ мәдениетін, өнерін әлемге танытатын ивент агенттік құрды. «Арт амбасадор», яғни, «Өнер елшісі» деп аталатын агенттіктің мақсаты - қазақстандық өнерпаздардың шетелге гастрольдік сапарын ұйымдастырып, концерт, спектакльдерін жоғарғы деңгейде өткізу. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттерінің Еуропаның үздік университеттерінде тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету. Агенттік «Астана мюзикл» театры мен мемлекеттік академиялық неміс драма театрының қарт құрлықтың 5 мемлекетінде сәтті өнер көрсетуіне септігін тигізді. Алға қойған жоспарлары жеткілікті.

Әйгерім Матаева, «Art Ambassadeurs» агенттігін құрушы:

- Біз өзіміз шығармашылық адамы, музыкант болғандықтан, мұндай мәдени шараларды қалай ұйымдастыру керек екенін жақсы білеміз. Оның үстіне, былтыр біз Парижде «Қорқыт» қазақ мәдени орталығын ашып, біраз тәжірибе жинақтадық. Енді сол тәжірибемізді пайдаланып, қазақстандық театр әртістеріне, музыканттарға көмектескіміз келеді. Өзіміз қазақ, Қазақстанның азаматы болғаннан кейін елімізге бізден артық жаны ашитын, мәдениетімізді бізден артық түсінетін ешкім жоқ деп ойлаймын.

Әйгерім Ерсаинова, «Art Ambassadeurs» агенттігін құрушы:

- Шетелдің әртістерін Қазақстанға, қазақстандық әртістерді шетелге әкелу ойымыз бар. Негізі, Қазақ өнерпаздарын шетелге шығарғымыз келеді. Өйткені, қазақ елі талантты. Оны көрсету керек. Біз үлкен дәрежеге жетіп тұрмыз. Оны шетелдіктер көріп, білуі керек.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

 

Хабарламаларға жазылу