Қытай үкіметі елдің авиациялық компанияларына Американың «Боинг» ұшақтарын сатып алмауға бұйрық берді. Бейжің мұндай шешімді АҚШ-тың қытайлық тауарларға жариялаған 145 пайыздық тарифіне жауап ретінде қабылдап отыр.
Сонымен қатар, Қытай Құрама Штаттарда жасалған ұшақтардың қосымша бөлшектері мен құрал-жабдықтарын әкелмеуді сұраған. Нәтижесінде әуе сапарларының құны өсуі мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт, осы мәлімет тарағаннан кейін «Боинг»-тің акциялары 2 пайызға арзандап кеткен. Қытайдың «Боинг»-пен келісімінен бас тартқанын Дональд Трамп әлеуметтік желіде жазды. Ақ үй басшысы Қытаймен сауда соғысы кезінде америкалық кәсіпкерлердің мүддесі маңызды екенін мәлімдеді. Ал АҚШ-пен сауда соғысы қызған шақта ресми Бейжің көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтып жатыр. Қытай төрағасы Си Цзиньпин Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне сапарын бастады. Қытай лидері бүгін Малайзияда жүр, ал ертең Камбоджаға барады. Оның алдында Си Цзиньпин Вьетнамға сапар шекті. Мақсаты - АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген аса жоғары тарифтердің әсерін жою. Бүгін Ақ үй қытайлық тауарларға кедендік салық 245 пайызға жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Арыстан Рысбек
