Таразда төтенше жағдайда төленген өтемақы қаржысын кері қайтармақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда төтенше жағдайда төленген өтемақы қаржысын кері қайтармақ

15.04.2025

Жамбылда құрғақшылықта шығынға ұшырап, 500 млн теңге өтемақы алған диқандарға қаржыны кері қайтару туралы шешім шықты. Шаруалар тексеру комиссиясының қорытындысымен келіспейді. Тексеруші тараптың мұндай шешім шығаруына не себеп? 

Диқандардың дегбірін қашырған 2023-тің күзінде берілген өтемақы сомасы. Құрғақшылықтан шығынға ұшырағандарға Үкімет резервінен 2,8 млрд теңге қаржылай қолдау берілген еді. Ал тексеру комиссиясы 400-ге тарта диқанның 69-ына өтемақы заңсыз берілді дейді. Бұл шамамен 500 млн теңге.

Шолпан Молдашев, диқан:

«ҚазСуШардың» келісімшарты жоқ, ақшаларыңды қайтарыңдар дейді. Бірінші қызылша егесің, ол өніп шығады, содан кейін суғаратын кезде барасың да «ҚазСуШармен» шартқа отырасың. Ал біздікі шартқа отырмай жатып, ұрығымыз шіріп кетті ғой, шыққан жоқ. Мысалы, мен 40 га 30 млн теңге шығын шығарсам, соны ғана берді, соның шығынын таратып бердік, қалтамызда ақша қалған жоқ.

Диқандардың басым бөлігі қызылша еккен. Оларға ақша берілмес бұрын арнайы комиссия құрылып, 3 ай бойы тексерген. Алқаптар өлшеніп, қызылшаның қураған тамырына дейін түгендеген. Сондықтан салалық басқарма басшысы да шаруалар уәжі дұрыс деді.

Қайрат Көшенов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Төтенше жағдайдың қағидаларында «ҚазСуШармен» келісімшарттар болу керек деп, көрсетілмеген. Сондықтан біз де келіспегенбіз. Өкінішке қарай, біздің дәлелдерімізді қабылдаған жоқ тексеру комиссиясы. Ол біздің міндет: шаруалардың жағында болу.

Ал төтенше жағдайда төленген қаржыны қайтару керек деген комиссия сол кезде санақ жүргізгендерді сынға алды. Талап бойынша қаржы «ҚазСуШар» мекемесімен шарт жасасқан шаруаларға ғана берілу керек болған. Бірақ басқарма тарапы келісімі жоқ кәсіпкерлерге де көмек қаржыны үлестірген дейді. 

Нұржан Тұрлыбеков, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы:

Егер біздің нұсқаманы дұрыс емес деп танитын болса, сол сотқа жүгінсін. Сот орындары нүктесін қояды. Бұл енді тексеру кезінде Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан бізге ешқандай келіспеушілік келіп түскен жоқ. Біз отырыста да қарадық. Оны қорытындылап, нұсқаманы жолдадық енді орындалу күні 15-сәуір деп отыр.

Енді іске облыстық прокуратура араласпақ. Басқарма тарапы да құзырлы органнан комиссия шешімін қайта қарауды сұрап отыр.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу