Астанада жаз басталмай жатып, 11 бала терезеден құлаған. Төртеуінде бала қайтыс болды. Дабыл қаққан дәрігерлер шұғыл қоңыраулардың аудиожазбасын жариялады. Ата-аналарға қауіпсіздік шараларына бей-жай қарамауға шақырды.
Бұл - баласы терезеден құлаған аналардың жан ұшырған дауысы. Денсаулық сақтау басқармасы, соңғы уақытта баланың терезеден құлап кету фактілері жиілегенін хабарлап, жан ұшыра жедел жәрдем шақырған ата-аналардың аудиожазбасын әдейі жариялады. Өйткені жаз басталмай жатып 11 бала биіктен құлаған. Мамандар бала өмірін сақтап қалу үшін бірнеше кеңес берді.
Динара Жарқынбек, тілші:
Мамандардың айтуынша, жазатайым оқиға көбіне қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталмағандықтан болады. Москит торы – яғни, терезедегі тор, қауіпсіздік құралы емес. Ол жәндіктерден қорғануға арналған. Ал бала сүйенсе, үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан терезеге арнайы құлып пен қорғаныш тор орнату қажет. Сондай-ақ жиһазды терезеден алыс қою, баланы қараусыз қалдырмау – маңызды талаптардың бірі. Бір сәттік мұқиятсыздық – орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Терезе орнатумен айналысатын кәсіпкер Талғат Әбжаппаровтың айтуынша, көпшілік қоғамда резонанс тудырған қайғылы жағдайдан кейін ғана терезедегі қауіпсіздікке мән бере бастайды.
Талғат Әбжаппаров, кәсіпкер:
Өкінішке қарай, баланың байқаусызда терезеден құлап кетуінен кейін тапсырыстар өте көп болып жатады. Ата-аналарға қара темірдің орнына, осындай алюминийден жасалған және көзге көрінбейтін монолитті полекарбонаттан жасалған торды орнатуға кеңес береміз. Бұл материалдың өзі 400 келіден аса салмақты көтереді.
Кәсіпкер бір терезеге шамамен 12-15 мың теңге кетеді деді. Дейтұрғанмен ажал құшқан балалардың дені – 2 мен 7 жас арасында. Бұл жастағы балалар қауіп-қатерді бағалай алмайды. Сондықтан ата-ана жауапкершілігін арттырып, құрылыс компанияларына да ұсынымдар беру қажет деп есептейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Соңғы уақытта мұндай қайғылы оқиға тым көбейіп кетті. Негізі ең бірінші ата-ана қырағы болуы керек. Ең бірінші сұрау соларға салынады. Қазір құрылыс компанияларына да бірнеше ұсыныс жіберуге болады. Яғни, олар терезедегі қауіпсіздікті тексеріп, бір бақылау жүргізсе, қандай да бір қауіпсіздік шарасын қолдануға болар еді.
Өткен жылы жаз мезгілінде 100-ден астам бүлдіршін терезеден құлап кеткен. Мамандар ата-аналарды арнайы құрылғылар орната алмаса да, қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға шақырады.
Динара Жарқынбек
