Павлодар облысындағы қарағайлы орманды қадағалау күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы қарағайлы орманды қадағалау күшейді

14.04.2025

Павлодар облысы аумағындағы «Ертіс орманы» табиғи резерватының автопаркі жаңа техникамен толықты. Көліктер өрт сөндіруге арналған жабдықтармен түгел жарақталған. Одан бөлек, орман өртінің алдын алу, патрульдік бақылау сапасын арттыру және жазатайым жағдай туындай қалған кезде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы орманды қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде тиімділігі шаш етектен. Сондықтан резерват биыл көшет отырғызуды екі есеге ұлғайтпақ.

Стандартты өрт сөндіру көліктерінің ну орман ішіне кіре алмай, кірсе қайта шыға алмай қалғаны жайлы талай дерек болған. Мұндай жазатайым жағдай енді қайталана қоймас деген үміт пайда болды, дейді «Ертіс орманы» резерватының қызметкерлері. Мекеме автопаркі жақында 34 мобильді өрт сөндіру кешені және 16 трактормен толықты.

Қазбек Әметов, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының басшысы:

Жеңіл өрт сөндіргіш көліктер Jac базасымен алынған, оның артында 300 литрлік сыйымдылықтағы багы бар және басқа құралдармен жабдықталған, өрт сөндіруге арналған. Бұл жанған жағдайда тез барып өшіріп алуға арналған техника.

Бұл көліктер патрульдік бақылауды жеделдетіп, өрт шыға қалған жағдайда қарағай қалың өскен жерлерге де кіре береді. Одан басқа тұқымбақтарын суаруға да пайдалануға болады. Биыл резерват аумағында үш мың гектарға жуық жерге қарағай отырғызылады. Тұқымбақта 8 млн 600 мың көшет дайындалған.

Сырым Елемесов, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкері:

Бұрынғы кезде өртеніп кеткен орман орындары өз бетімен қалпына келе алмайды. Оның негізгі себебі, тұқым шашатын қарағай аз қалды. Екіншіден қарағайдың орнына мына теректер өсіп кетеді. Сол болмас үшін адам осы табиғатқа болысуы керек.

Қазіргі егіп жатқан екі жылдық көшеттер. Бес жылда 50 см көтеріліп, көкке өрлей бастайды.

Болат Аманбаев, тілші:

Қарағай қысылып өседі. Солқылдақ емес, бойы тік, діңі қатты болатыны содан. Басты пайдасы оттегіні көп бөліп, көмірқышқыл газын бойына тез сіңіреді.

Қарағай өскен аумақта адам еркін тыныс алып, тез күш жияды. Мемлекет тарапынан еліміздің қылқан жапырақты ормандарын дамытуға қыруар қаржы бөлініп, ерекше қамқорлыққа алуының себебі осы.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу