Бүгін – Ғарышкерлер күні. 1961 жылы дәл осы күні Юрий Гагарин алғаш болып ғарышқа ұшты. Ал Тоқтар Әубәкіров – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер. Талғат Мұсабаев қазақтың екінші ұшқышы. Ғарышта үш рет болып, 341 тәулік өткізді. Айдын Айымбетов 5 жыл бұрын ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанды. Қазір еліміз ғарыш саласын қарыштап дамытуға ден қойып жатыр. Өз спутниктерін жасап, ғарыштан бақылау, байланыс және зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Жер серіктеріне шетелдіктер де қызығушылық танытуда. Қазақстандық спутниктер экспортқа шыға бастады. Сала министрлігі Моңғолия және Конго Республикасымен келісімшартқа қол қойды. Қазір инженерлер тапсырысқа сай жер серігін дайындап жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей бірлесіп «Бәйтерек» ғарыштық жобасын бастаған. Мақсат- Байқоңырдың болашағын сақтап қалу және заманауи деңгейге көтеру. Сондай-ақ жобада Қазақстан ғарыш саласында тәуелсіз табыс тауып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Баубек Оралмағамбетов, ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы:
Бірден барып спутниктерді сату да оңай емес. Бәсекелесі өте дамыған нарық. Бірақ біз өзіміздің орнымызды табу үшін анализ жасадық. Біз сіздерге спутник жасап береміз және де оны қалай құрастыру, жасау үшін транесфер-технология береміз, үйретеміз мамандарыңызды жіберіңіздер. Және де ол спутниктен алған ғарыштық түсірілімдерді қалай өңдеуді үйретеміз.
Айя Мүтәлі
