Елімізде жастардың арасында есірткіге тәуелділік күрт артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жастардың арасында есірткіге тәуелділік күрт артты

11.04.2025

Елімізде жастардың арасында есірткіге тәуелділік күрт артты. Дәрігерлердің дерегі бойынша, нашақорлардың 90 пайызы отызға толмаған жастар. Әсіресе психотропты заттарды тұтынатын қыздар көбейген. Бұл жастар арасында жүрек, қан-тамыр ауруының көбеюіне алып келді, дейді олар. Бурабайда өткен құрылтайда Президент те қоғам дертіне айналған нашақорлықпен күрестің жаңа жоспарын құруға тапсырма берді. Тақырыпты Оңғар Алпысбайұлы тарқатады.

Бұл - Қарағанды облысындағы түрме. Есірткі саудасымен айналысқандардың көпшілігі алғашында өздері есірткі тұтынып көрген. Кейін тұрақты түрде сатып алуға ақша таппай, өздері де осы бизнеске шырмалған.

 Жазасын өтеуші:

Мен мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскенде өзім жалғыз тұрдым. Осы кезде бостандықты сезінгендей болдым. Не істегім келеді, бәрін көрдім. Әуелі есірткі тұтына бастадым. Кейін өзім сатып, ақша табам деп шештім. Кәсібім көпке апармады, түрмеден бір-ақ шықтым. Қателігімнің құны қымбат екенін енді түсініп жатырмын.

Жыл басынан бері елімізде 2300-ге жуық есірткіге қатысты заң бұзушылық анықталған. Оның 100-ден астамы аса ірі көлемде есірткі сату дерегі. Заңсыз айналымнан 3 тонна 200 келіге жуық есірткі тәркіленген. 9 ұйымдасқан қылмыстық топ, 69 зертхана, 3 притон анықталып, жойылды.

Тағы бір дерек. Қазір есірткі тұтынатындардың 90 пайызы 30 жасқа толмаған жастар. Бұл психотропты заттардың қолжетімділігімен, ғаламторда еркін сатылуымен байланысты дейді мамандар.

 Медетбек Смағұлов, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

Біз ата-аналармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Балалардан анализ алу арқылы анықтаймыз. Үйінде сақтайтын ата-аналар сатып алып, дәріханаларда сатады. Олар банкаларды үйіне қойып, есірткіге қатысты мәліметті өзі анықтай алады. Егер баласы есірткі қолданған болса, жасырын түрде емделу жолдары бар.

Тоқтар Қойшыбеков 40 жылдан бері нарколог дәрігер. Соңғы жылдары психотропты заттардың зияны аса қауіпті деңгейге жетті дейді ол. Бұрынғы есірткі адамның ағзасына әсер етсе, қазіргі синтетика психиканы зақымдайды.

 Тоқтар Қойшыбеков, нарколог:

Қазіргі кезде соматикалық асқыну бірінші орында емес. Адамның жеке тұлғасы жойылады. Есірткі адамның психикасын толығымен өзгертеді, 1-2 рет қолданғанда, тек 2 апта ішінде адамның психикасы бұзылады. Адам елестерді қабылдай бастайды. Сандырақ ойлар туындайды. Оны емдеуге болады, бірақ өкінішке қарай, психикада із қалады.

Адам екінші рет тұтынса, тәуелділікке ұшырайды. Сондықтан мамандар нашақорлықтың салдарымен емес, себебімен күресті күшейтіп жатыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу