Мемлекет басшысы айтып отырған мәселе - ол АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесі. Ақ үй басшысы әлемнің 75 еліне жариялаған тарифін 90 күнге доғарды. Трамптың мәлімдеуінше, бұл мемлекеттердің басшылары Вашингтонға хабарласып, кедендік салық туралы келіссөз жүргізуді ұсынған. Келіссөз жалғасып, олардан импортталатын өнімге тариф 10 пайыз деңгейінде үш ай сақталады. Сонымен қатар Трамп Қытай тауарларына тарифті 104 пайыздан 125 пайызға дейін көтерді.
Вашингтон мен Бейжің арасында сауда соғысы күшейіп барады
Ал Қытай сауда соғысында соңына дейін күресуге сөз беріп, барлық америкалық тауарға тарифті 84 пайызға дейін өсірді. Бұл шешім бүгін күшіне енеді. Қытай АҚШ-тың қысымына көнбейтінін мәлімдеді.
Хэ Юйцзянь, Қытай сауда министрлігінің өкілі:
Жақында Құрама Штаттар әртүрлі сылтаумен барлық сауда серіктесіне, оның ішінде Қытайға да шамадан тыс жоғары тарифтер енгізді. Бұл Қытай кәсіпорындарының заңды құқықтары мен мүдделеріне және жаһандық экономикалық тәртіптің тұрақтылығына айтарлықтай нұқсан келтіреді. АҚШ-тың қорқыту тарифтеріне қарсы біз өз жолымызбен жүреміз. Тұрақты даму арқылы әлемдік экономикаға үлесімізді қосамыз.
Бұған қоса, Бейжің АҚШ-пен келіссөзге әзір екенін, алайда диалог тең және өзара құрмет негізінде өтуі тиіс деп мәлімдеді. Ал «BBC»: «Екі негізгі экономикалық держава «бәрі жеңімпазға тиесілі» қағидасымен экономикадағы үстемдік үшін тартысқа түспек», - деп жазды.
Арай Төлегенқызы
