Коммуналдық тарифтердің өсуі – қызмет сапасын арттыру мен салаға инвестиция тартудың тиімді жолы. Сарапшылардың пайымы осы. Бұл әбден ескірген инфрақұрылымды жаңартуға, қызмет сапасын арттыруға және экономикаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тарифтердің өсуі қазіргі экономикалық жағдаймен де байланысты. Былтыр кей құрылыс материалдары 50 пайызға қымбаттады. Жұмысшылардың жалақысы өсті. Сарапшылар өндіріске қажетті шығын бюджет есебінен өтелмеуі қажет деген пікірде.
Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Құрылыс материалдарының қымбаттауына жалпы инфлияция да әсерін тигізіп жатыр. Инфляция да бұл әлемдік сыртқы факторлардың әсерінен болып жатыр. Сондықтан тарифтердің өсуі де экономикалық жағынан алғанда заңдылық ретінде көрініп отыр.
Әнуар Нұртазин, сарапшы:
Қазақстанда тарифтік саясатты инвестициялық жолмен іске асыру бағытындағы жұмыстар 2000 жылдардан басталды. Қазір бұл модельді одан әрі жетілдіру жолдары қарастырылуда. Бұл ретте ашықтықты қамтамасыз ету, халықтың сенімін арттыру және инфрақұрылымдық жобаларды тиімді қаржыландыру тетіктерін дамыту маңызды.
Әлеуметтік қолдау жағы да назардан тыс қалған емес. Егер коммуналдық төлемдер отбасы табысының 5–10%-нан асып кетсе, оның бір бөлігін мемлекет өтейді. Мамандар тарифтерді өсіру үдерісі әділ, ашық және кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс екенін айтады.
Айя Мүтәлі
