Қызылорда облысында 111 елдімекеннің аумағы Конго-Қырым қанды безгегін тасымалдаушы кенелердің ошағы деп белгіленген. Күн жылығалы зиянкестер көбейіп, бүгінде аймақта 39 тұрғынды кене шаққан.
Зоопаразитарлық жұмысшы тобымен облыс төңірегінен 7 мыңнан астам кене алынып, зертханалық тексеруден өткен. Бүгінде өңірде ауру тасымалдаушы жәндіктің 10-нан астам түрі бар. Сәуір айынан бастап зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші кезекте қора-қопсы, суаттар мен ауыл айналасы қамтылады. Қалада кене шағу дерегімен бір адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне түсіп, қазір дәрігерлер бақылауында.
Гүлмира Сыздықова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
Алғашқы диагнозы болжамды жағдайы қойылды. Ол кісінің бірінші алған қан нәтижесі теріс нәтиже берді. Бірақ екінші нәтижесі алынады. Сол нәтижесіне байланысты әрі қарай ем жүргізіліп, сауықтырып, ауруханадан шығарылады.
Әділбек Серікұлы
