Осы аптада футболдан Чемпиондар Лигасының ширек финалының алғашқы матчтары өтті. Биылғы жарыстың форматы бөлек болса да, қызығы басылған жоқ. Қалқанқұлақ кубокты 15 рет иемденген «Рел Мадрид» командасы чемпиондар лигасын ешқашан жеңіп көрмеген «Арсеналмен» кездесті. Бұдан басқа да қызықты ақпарат пен тартысты ойындар жайлы тілшіміз рет-ретімен баяндайды.
Мынау голды қараңыз! Сызығышпен өлшеп алғандай дәлдік, ұршықша иірген шеберлік. Бұл матчтың реңін келтірген – Райс болды. Ол Чемпиондар Лигасындағы плей-офф кезеңіндегі бір матчта қос айып добын соққан тұңғыш сұр мерген. Бұған дейін Ривалдо мен Роналдулар да сөйткен. Бірақ топтық кезеңде. Куртуа құр тұра ма, кеудесін оққа тосқандай күресті. Бірақ шамасы жеткен жері - 3:0. Мадриттіктер ресми ойындарда Арсеналды жеңе алмай келеді. Бұл - үшінші жеңіліс. Қарымта кездесу 16 сәуір Мадридте өтеді. Анчелотти айтқандай, «Реалға» қиын болады, бірақ «Бернабеуде» беу дейтіндер камбэктерді көргенбіз. Симоненің серілері «Баварияға» қонаққа барып, аңшылық жасағандай, қаншығасын майлап қайтты. Есеп - 2:1. Бір қызығы, командадан үш күн бұрын ғана кетемін деген Мюллер гол соқты.
Ерсін Ерік, спорт комментаторы:
«Интер» өз алаңында «Бавариядан» жеңіледі деп айта алмаймын. Ал бірінші ойында «Арсенал» командасы «Реалдан» 2:0 ұтылса да, тең ойнаса да, «Арсеналдың» бәсі жоғары деп есептеймін.
Екінші күн. «Барселона» биылдыққа ұтылған жоқ. Каталондықтар – қатал. Төпелетіп төрт гол соқты. Ал өз қақпасында теңбіл доптың көлеңкесі де көрінбеді. Жалынды жастармен бірге лапылдаған Левандовски дубль жасап, «Барселона» үшін 99-голын салды. Ал Дортмундтық «Боруссияның» бундеслигада да буыны сырқырап жүр. Қарымта матчтан немістің машинасы отала қоя ма?! «Пари Сен-Жермен» 7-матчында қатарынан жеңіске жетті. «Астон Вилланың» астан-кестеңін шығарып, 3:1 ұтты.
Фархат Қаналы, спорт комментаторы:
«Астон Вилла» мен «ПСЖ» арасындағы ойында «АВ» өз алаңында жеңіске жетеді. Бірақ екі матчтың қорытындысы бойынша «ПСЖ» келесі кезеңге өтеді деп ойлаймын.
Сөйтіп ширек финалдың алғашқы матчтары тәмам. Статусы бөлек демесеңіз, тартысы кем емес ойындар. Қос лигадағы матчтарды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетіп жатыр. Отандық ең үздік комментаторлармен бірге футболды тамашалаңыз!
Азамат Бейбітұлы
