Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 521 қылмыс тіркелген. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали айтты. Айыпталушылардың арасында 257 лауазымды тұлға бар. Олардың 141-і – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа 366 қылмыстық іс жіберілген. Ол биыл мемлекет пайдасына 15 миллиард теңге өтелгені туралы баяндады.
Сондай-ақ 2022 жылдан бері 1,13 триллион теңге болатын активтер қайтарылды деді. Антикор төрағасының айтуынша, былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Халықаралық индекс бойынша 40 балға ие болып, 180 елдің арасында 88-орынға тұрақтады.
Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды одан әрі жалғастыру, тамыр жайған қылмыстық тізбектің жолын кесу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Асылбек Данияр
