Жамбыл облысында 20 млрд теңге бөлінген жол жөнделмеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 20 млрд теңге бөлінген жол жөнделмеді

10.04.2025

Жамбыл облысында Шудан шығып, Қордайға қатынау қиыннның қиыны. Өйткені екі ауданның арасын жалғаған автожолға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінсе де, тас жол төселіп бітер емес. Салдарынан 10-нан аса ауыл халқы ошақ орнындай ор мен шұңқырдан өтуге мәжбүр. Бұқара 60 шақырымға жуық автожол жарты ғасыр бойы жөнделмегеніне наразы. Негізінде республикалық «Шу-Қайнар» жолын жөндеу бір жарым жыл бұрын басталған. Биыл бітуі тиіс еді. Бірақ тендерден миллиардтарды ұтқан мердігер қаржының 11, ал жұмыстың 5-ақ пайызын орындаған. Кәсіпкер көпір мен суағарларды ғана бетондап, кестеден кешіккен.

Әбдіқадыр Әділов, жүргізуші:

Жол жүруге болмайды, шынын айтқанда. Көліктер шашылып жатыр. Анау, жолда машиналар тұр, әр жерде. Машинаның өзі шашылып жатыр ғой. Төбеміз төбесіне тиіп отыр. 

Міндетін орындамаған мердігерді “Қазавтожол” сотқа берген. Кінәсін мойындаған атыраулық кәсіпкер аударылған ақшаны кері қайтарыпты. Енді бұл бағытты жөндеу өз мерзімінен тағы 2 жылға кешікпек.

Дәурен Әмренов, «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары:

Біз бұл бағытты жөндеу үшін тағы да конкурс жарияладық. Мамырда жол құрылыс басталады деп жоспарлап отырмыз. Ұзындығы 56 шақырымды құрайтын жол шамамен 2027 жылы аяқталып қалады.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу