Қостанай облысында субсидия қарызы 50 млрд теңгеден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында субсидия қарызы 50 млрд теңгеден асты

09.04.2025

Қостанай облысында диқандар екі жылдан бері субсидия ала алмай жүр. Қазақстан фермерлері қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, берешек шамамен 50 млрд теңгеден асып кеткен. Биыл бюджеттен 40,8 млрд теңге бөлінгенімен, мәселе түбегейлі шешілетін емес. Толығырақ тілші бейнематриалында.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Қазір тып-тыныш жатқан мына егіс алқабында бірер күннен соң қарбалас тірлік басталады. Облыс бойынша 3 жарым млн гектардан астам жерге бидай егіледі. Биыл топырақта ылғал аз, сондықтан диқандар дән себуді жылдағыдан ерте бастаймыз деп отыр. Алайда олар мемлекеттен берілетін көмектің кешігуі жұмысқа қолбайлау бола ма деп алаңдайды.

Тобыл Жарқымбаев шаруашылығына қажет техниканы осыдан екі жыл бұрын субсидияға сеніп сатып алған еді. Алайда 20 млн теңге берешек әлі күнге дейін өтелмеген. Сондықтан биыл да қарыз алып, жұмыс бастауға мәжбүр.

Тобыл Жарқымбаев, шаруа:

Біз 24 пайызбен комбайн алдық, онда келісімшартта жазылған, оның 18%-ы мемлекеттен қайтарылады деп. Әлі қайтарылған жоқ. Сөйлесіп, алып, егінге кірісіп жатырмын. Өйткені жағар-жанармай, саймандар, құралдар бәрі де қарызға алынып жатыр.

Науқан басталар кез - нағыз қаражаттан қысылатын шақ. Жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік беретін «Кең дала» бағдарламасының да ақшасы кешеуілдеп жатыр. Шаруалардың айтуынша, бұған құжат дайындаудың машақаты қолбайлау болып тұр.

Қайрат Оспанов, Қостанай ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қауымдастығының өкілі:

Мемлекеттен «Кең дала» бағдарламасына 780 млрд теңге бөлінсе, соның тек 140 млн теңгесі ғана игерілген. Бұған себеп құжат рәсімдеуге 2 айдай уақыт кетеді. Сондықтан талаптарды өзгертуді сұраймыз. Жақын арада алқапқа шығуымыз керек. Ал ақша әлі қолымызға тиген жоқ, осы апта түседі деп күтіп отырмыз.

Қостанай облысында 2023 жылдан бері ауылшарушылығы өнімін өндірушілерден субсидия алуға 15 100 өтінім түскен. Биыл оның тек 2500-не ғана 16 млрд теңге қаражат жұмсалды.

Ғазиз Ахметчин, Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Қаражат барлық өтінімді бірден қамтуға жетпейді. 2023-2024 жылдан бері негізгі 2 бағыт бойынша 800-ге жуық өтінім әлі мақұлданған жоқ. Әдетте сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мен лизингке техника алу ауқымды қаражатты талап ететіндіктен, уақытында өтеу қиын.

Облыстық басқарма мамандарының айтуынша, субсидияға бөлінген ақша екі айдан соң бітеді. Сондықтан қосымша қаражат бөлу үшін министрлікке хат жолданды. Ал келесі жылға қалған шаруалар келісімшартты өзгерткен сайын тізім соңына қарай ығыса береді. Сондықтан субсидияға мүлдем ілікпей қаламыз ба деп алаңдап отыр.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу