Тұрғын үй бағдарламаларында жұмысшы жастарға басымдық беріліп жатыр. Мәселен, 35 жасқа дейінгі мамандарға арналған «Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасына биыл 7000-ға жуық өтінім түссе, оның 900-ге жуығы – жұмысшы жастар. «Отбасы банк» 759 қызметкердің өтінімін мақұлдаған. Жас мамандар үшін тиімді жоба Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жүзеге асқан. Бағдарлама шартына сәйкес алғашқы жарна – 10 пайыз, ал несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 5 пайыз. Әр қатысушыға берілетін қаржы мөлшері биылдан бастап 18 миллионнан 20 миллион теңгеге өсті. Сондай-ақ «Отбасы банк» өкілдері сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерді бөлуде де жас мамандарға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бағдарлама арқасында жастар өздерінің жеке баспанасына қаражат жинауға мүмкіндік алады.
Данагүл Түсіпова, «Отбасы банк» АҚ Алматы филиалының директоры:
«Алматы жастары» бағдарламасы емес, «Наурыз» бағдарламасы немесе басқа банктердің ипотекалық бағдарламаларына қатысып, пәтер сатып алуға мүмкіндік берілген. Өздері қалаған қалалардан да алу мүмкіндігі беріледі. Яғни, тек қана Алматы қаласында пәтер сатып алу керек деген шек жоқ. Тек қана қай бағдарламаға қатысады, сол бағдарламаның аясында жүзеге асырылады.
Жазира Оразқызы
