Қызылордада 20-ға жуық тұрғын алаяқтарға алданып, сатып алған көліктерінен айырылды. Көбісі несиеге рәсімдеген. Әу баста қымбат автокөліктерді алаяқтар бірінші иелеріне сатып береміз деп сенімге кірген. Кейін екінші, үшінші тарапқа заңды түрде сатқан. Бірақ қаражатын өз бас пайдаларына жаратып, көліктің құнын иелеріне қайтармаған. Ал қолдан-қолға өткен көліктердің қылмыстық жолмен келгенін қазіргі иелері мүлдем білмеген. Ал бөтеннің мүлкін жымқырған екі адам сот үкімімен 4 жыл 6 ай мерзімге сотталды.
Күлімшат Еркін, қала тұрғыны:
Сот шешімі солай болып тұр. Және ең соңғы парағында бірінші тарапқа көлік қайтарылсын деген. Не себепті қайтарылады? Менің құқығым қайда? 12 миллион теңгеге көлік сатып алып тұрмын. Енді сол кісілердің кесірінен біз осылай сандалып жүрміз.
Енді үшінші тарап сот шешімімен мүлдем келіспей, азаматтық іс бойынша қайта қарауды талап етіп отыр. Өйткені олар автокөліктерді 7 миллионнан 14 миллион теңге аралығында қаржыға сатып алған. Ал жәбірленуші деп танылған бірінші иелеріне кезінде ішінара ақша төленген дейді адвокаттар.
Мадияр Мұхаметқали, адвокат:
Кейбір жәбірленуші сотталушылардан автокөліктері үшін ішінара 5 млн, 3 млн теңге алып қойғандар. Ол ақшасын алып қойып тұр ғой, келісімшарт бойынша жартылай алып қойған. Қалай автокөліктерді оған қайтарылады дейді? Апеляциялық шағым береміз.
Әділбек Серікұлы
