Осыдан 77 жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылды. Оған 200-ге жуық мемлекет мүше. Содан бері 7 сәуір Дүниежүзілік Денсаулық күні болып бекітілді. Ал биылғы жылдың басты тақырыбы – ана мен бала саулығы. Министрлік жүкті әйелдердің жағдайын жақсарту үшін иновациялық емдеу әдістерін, жаңа скринингтік бағдарламаларды сәтті енгізді. Нәтижесінде бала өлімі 8 пайызға, ана өлімі 12 пайызға төмендеген. Бұл соңғы 10 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Айжан 9 баланың анасы. Жақында үшемді дүниеге әкеліп, ұлдарын бауырына басты. Генетикалық скринингтен ерте өткеннің арқасында патологияны дер кезінде анықтап, аман-есен босанған.
Айжан Жайшылықова, көпбалалы ана:
20 аптасында бір баланың жүрегінде ақау бар дегенді білдік. Уақытынан бұрын кесарь тілігін жасады. Өйткені бала жүректен қиналып жатыр деді. Әлі 2 апта жүруім керек еді. Қазір балалар, шүкір, бірқалыпты.
Елде иновациялық емдеу әдістері жыл сайын жақсарып келеді. Мәселен, жүкті және босанатын әйелдер қазір әр есікті қақпайды. Барлық тексерісті бір жерден өтеді. Мұны 1 күндік клиника жобасы дейді. Осы жоба аясында 50 мың жүкті әйел сапалы тексерістен өткен.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Бір күндік клиника – бұл біздің былтыр бастаған жобамыз. 15 облыста аштық. Жылдың аяғына дейін 20 облыста ашамыз. Бұл жерде ең бастысы – бір терезе арқылы жүкті әйелге барлық медико-генетикалық анализдерін өткізуге жағдай жасау. Сонымен қатар, ол жерде баланың туа біткен анамалиялары болған жағдайда әрі қарай медицина тарапынан тактиканы анықтап, осы әйелдермен жұмыс атқаруға өте қолайлы механизм болып шықты.
Елдегі туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты қосымша 13 перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр, деді министр. Ал оларды заманауи жабдықтау – алдағы жылдың басты жоспары.
Гүлнар Әбдірешева, ұрықты қорғау орталығының меңгерушісі:
Бізде экспертті УЗИ аппараттары алынып жатыр. Сонымен қатар 1 күндік клиника бойынша жаңа техника алдық. Ол жабдық анализдерді сол мезетте шығарады. Бұған дейін бір жеті қорытындысын күткен болса, ал бұл 1 күндік клиникада әйел сол күні УЗИ өтіп, сол күні анализін тапсырып, анализдегі көрсеткіштері бойынша кеңес алып, ары қарай тексеруге жіберіледі.
Болашақ аналарға баланы жоспарлап дүниеге әкелу үшін елде 845 кабинет жұмыс істейді. Онда бейінді мамандардың консультациясы қолжетімді. Сондай-ақ қан қысымы, анемия, қант диабеті сынды диагнозы бар жүкті әйелдерге дәрі-дәрмек тегін беріледі. Міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде ең керекті 12 түрлі тексеріс жүргізіледі. Осындай жіті қадағалаудың нәтижесінде ана мен бала өлімі төмендеді.
Ақниет Балтанова, тілші:
Елімізде орта есеппен жылына 50 мың жүкті әйел тіркеледі. Оларға медициналық көмек көрсетіп, күтім жасайтын 4700 акушер-гинеколог пен 9 мыңнан астам акушер бар. Маман жеткілікті, бірақ соңғы жылдары жоспарланбаған жүктіліктің салдарынан ауыр патологиясы бар жүкті әйелдердің артуы байқалады. Сондықтан биыл Денсаулық сақтау министрлігі жүктілікке дайындықты 45%-ға арттыруды көздеп отыр.
Ақниет Балтанова
