Қазақстан БҰҰ ядролық қаруға қарсы конференцияда төрағалық етті. Нью-Йоркта өткен жаһандық жиынға 90-ға жуық мемлекеттен делегация, 150-ден астам ұйым өкілдері және әр елдің депутаттары қатысты. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал тұрақты дей алмаймыз. Экономикалық бәсеке мен тартыс - саяси сипат алып, мүдделер қақтығысы жиілеп тұр. Осындай сын-қатерлер үстін-үстіне төпелеп тұрған тұста ортақ мәміле керек. Нью-Йорктағы келелі кеңестің миссиясы да сол еді.
Хиросима мен Нагасакиге ядролық бомбалар тасталғанына биыл - 80 жыл. Тарих – сабақ алуға жазылатын ғылым. Конференцияда жер-жаһанға жазылмас жара салған ядролық қасіретті оқиғалар айтылды. Бейбітшілікті насихаттайтын Нобель сыйлығының иелері орамды ойды ортаға салды. Ал, Семей ядролық полигонының құрбаны, АТОМ жобасының құрметті елшісі, суретші Кәріпбек Күйіков көкейдегісін көрмеде айтты.
Кәріпбек Күйіков, суретші:
Ядролық қаруға қарсы конференцияның мен үшін де маңызы зор. Менің суреттеріме қызығып, менен мән жайды сұрайтындардың да қатары артып жатыр. Қазір жаңалықтардан әлемге ядролық қауіптің төніп тұрғанын естіп біліп жатырмыз. Және бұның барша адамзатқа қасірет әкелуі мүмкін екенін айтқым келеді. Сондықтан оған қарсы күресті еш тоқтатпауымыз керек. Қазақстан мен Жапонияның бастан кешкендерін саралай отырып, өзге елдер де сабақ алса екен деген үмітім бар.
Конференция барысында Қазақстан мен Кирибати ядролық сынақтардың құрбандарына көмек көрсету және ластанған аумақтарды қалпына келтіру жөніндегі Халықаралық сенімгерлік қор құру туралы ұсыныс жасады. Бастама бір ауыздан қолдау тауып, 2026 жылға дейін іргелі іс жүзеге асатын болды.
Мелисса Парк, ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның атқарушы директоры:
Жиынға төрағалық етіп отырған Қазақстанның рөлін ерекше атап өткім келеді. Бір кездері 1400-ден астам ядролық қаруы болса да, барлығынан бас тартты. Сол секілді Оңтүстік Африка республикасы да апартеид заманындағы ядролық бомбаларға «жоқ» деді. Ядролық қаруды жоюдың техникалық жолы жоқ деген жай сылтау ғана. Одан бас тартпауға көбіне саяси себептер кедергі болып келеді. Ядролық қарулардан толық бас тарту алыстағы арман емес, шұғыл қажеттілік ретінде қабылдануы керек.
Ядролық қауіпсіздік – әлемді толғандырған ең басты мәселенің бірі. Бұл ретте, Қазақстан- көрсетер үлгісі мен айтары бар ел. Сол себепті де, ауқымды жиындарда төрағалық етуі заңды.
