Қазақстандық пианиношы Әлия Асанова Бельгияда жеке концертін өткізді. Ел астанасы Брюссельдегі Marcel Hastir ательесінде өткен өнер кешінде жерлесіміз еуропалықтарға халық әні «Япырайды» таныстырды.
Әлия - қазақ ұлттық өнер университеті және Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы музыкалық мектептердің түлегі. Қазір Брюссельдің корольдік консерваториясында магистратурада оқып жатыр. Бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты. Жерлесіміз қазақтың ұлттық музыкасынан бөлек Моцарт, Бетховеннің үздік туындыларын орындады. Сондай-ақ, София Губайдуллинаның, мажар композиторы Листтің шығармаларын да көпшілікке ұсынды. Музыканттың әрбір шығарманы бар жан-тәнімен сезініп, беріле ойнағанына Бельгия жұрты тәнті болды.
Әлия Асанова, пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты:
Бұл менің алғашқы жеке концертім болғандықтан қатты қобалжыдым. Осындай концерттерде елімнің ұлттық музыкасын таныстыруға тырысамын. Болашақта да халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, репертуарымды кеңейтіп, әлемдік сахналарда өнер көрсеткім келеді.
Мықты пианиношы. Жас болса да шебер орындаушы. Харизмасы кереметтігі сонша көрерменді баурап алды. Өте қызық бағдарлама ұсынды. Ол сөзсіз Қазақстанның мақтанышы.
Нұрсұлу Қасым
