Абай облысының “Семей Орманы” табиғи орман резерватында кеше тұтанған өрт таң ата оқшауланды. Түні бойы қызыл жалынды сөндіру үшін Павлодар, Абай облысы мен Шығыс Қазақстанның құтқарушылары жұмылдырылған. Қазір елді мекендерге қауіп жоқ. Бізбен қазір Абай облысындағы тілшіміз Ержан Жақып тікелей байланыста.
Ия кеше басталған өрт толық оқшауланды. Қызыл жалын бастапқыда Бесқарағай ауданының Ерназар ауылдық округіне қарасты Қоянбай елдімекені маңында далада тұтанған. Секундына 18 метр жылдамдықпен екпіндете соққан жел отты дер кезінде сөндіруге мұрша бермеген. Салдарынан қызыл жалын Марозов орман шаруашылығы төңірегіндегі қарағайлы алқапқа ауысқан. Алапат өртті ауыздықтау үшін жедел штаб құрылып, ТЖД өрт сөндіру бригадалары, «Семей орманы» резерватының мамандары түгелдей тартылған.
Ержан, елді мекендерге қауіп болды ма? Жақын маңда ауылдар бар ма еді?
Ия, қауіп әрине болды. Өйткені өрт ошағына Ерназар ауылы өте жақын. Бірақ төтенше жағдай қызметі мен орманшылардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өрт дер кезінде тоқтатылды. Қатты желден кейін жауған жауын да оттың тез таралмауына сеп болған. Орман өртін сөндіруге 400 ден астам адам мен 140 техника, бір тікұшақ жұмылдырылды. Таң ата өртенген төңірек тікұшақпен бақыланды. Алдын ала есептеу бойынша тілсіз жау 1200 гектар жерді, 800 гектар дала мен 400 гектар қарағайлы орманды шарпыған. Өрттің қозданып жатқан ошақтарын толық сөнгенше мамандар ол жерде жұмысты жалғастырады. Шығын есептеліп жатыр. Өрттің неден пайда болғандығы да анықталуда.
Ержан Жақып
