Шымкент әкімдігі құрылысына өзі рұқсат берген студенттер үйін бұздыруға әрекет етіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент әкімдігі құрылысына өзі рұқсат берген студенттер үйін бұздыруға әрекет етіп жатыр

01.04.2025

Шымкент қаласының әкімдігі кезінде өзі заңдастырып, құрылысына рұқсат берген студенттер үйін бұздыруға әрекет етіп жатыр. Дау басталғалы құрылысқа жауапты басқармалар ертеректе шығарған шешімдері мен жасаған акітілерінің күшін жойып, өз кемшіліктерін өздері әшекере ете бастады.

Оқу жылының ортасында студенттерден де маза кетті. Жылға жуық уақыт осында тұрып келген Гүлнұр жатақхананы жауып тастаса, қайда барарын білмей дал. Мегаполисте таныс, туыстары да жоқ. Ал пәтер жалдау ақысы тым қымбат.

Гүлнұр Әлназар, студент:

Бұл жақ жабылса, қайда баратынымды білмеймін. Өзімізге ұнайды. Оқуыма жақын, барып келуіме 10 минут кетеді. Барлық жағдай жасалған.

Қазір жатақханадағы 500-ге тарта студент осындай күй кешіп жүр. Жайлы, оқу орнына жақын жерден ешкімнің кеткісі жоқ. Кәсіпкер студенттер үйін салу үшін осыдан 3 жыл бұрын алдымен Ғылым және жоғары білім министрлігімен келімшарт жасасқан. Одан кейін жоба әзірленіп, сараптамадан өткен соң құрылыс сапасын бақылау басқармасының рұқсатын алады.

Бексұлтан Үсіпәлиев, кәсіпкер:

Құжаттарды беріп отыр. Баста құжаттарың заңсыз, бере алмаймыз деп неге айтпады?  Неге береді? Біз осы құжаттарды берген соң заңды түрде 2 миллиард инвестиция тартып, өз қаржымызға жатақхана салып отырмыз.

Ашынған кәсіпкер әкімдіктің бұл әрекетінің астарында өзге мүдде жатқанын да жасырмады.

Жергілікті билік нысан қасындағы көпқабатты тұрғын үйге тым жақын орналасқан деген ілік тауып отыр. Сол үшін рұқсат құжаттардың да күшін жойған.

Мерлан Керімжанов, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы:

Біздің шығарған, қабылдаған, сәйкестендірген актімізге тиісті нұсқама беріп, дұрыс емес деп тауып, тиісті айыппұл салып, құжаттардың күшін жою жөнінде нұсқама берген.

Осы дауға байланысты іс қараған сот кәсіпкердің іс әрекеті дұрыс деген шешім шығарды. Бірақ билік оған келіспей, тағы да сотқа шағымданған.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу