Өзбекстан медицина саласын цифрландыруды бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан медицина саласын цифрландыруды бастады

31.03.2025

Өзбекстан жыл соңына дейін медицина саласын толықтай электронды жүйеге көшіріп, кей қызмет түрін жеке секторға өткізбек. Бұған дейін емдеу саласы негізінен мемлекет меншігінде болған. Ал шетелден келетін емделушілер үшін бірыңғай реестр құрылды.

Мамандандырылған емдеу мекемелері көпсалалы болып қайта құрылса, тұрғындардың дәрігер кезегіне тұруы сандық жүйеге көшті. Стоматология жеке секторға өтіп, фармацевтика саласында бақылау күшейген. Дәрі-дәрмекті «Электронды рецепт» жүйесі негізінде жазып беру тәжірибесі енгізіліп жатыр. Ал мамандардың біліктілігін арттыру басты назарда.

Уктам Исмаилов, Өзбекстан ДСМ басқарма басшысы:

Былтырдан бері арнайы қор құрылып, оның көмегімен жыл сайын 700-ге жуық маман алыс-жақын шетелдерге барып, біліктілігін жетілдіріп отырады. Сәйкесінше өзге елдерден, оның ішінде көршілес Қазақстаннан да тәжірибелі дәрігерлерді шақырып, бірлесе жұмыс істеуді жолға қойдық.

Медициналық сақтандыру қорындағы мәліметті цифрландыру мақсатында ақпараттық жүйе іске қосылған. Тиімді тәжірибелерді дамыту үшін емдеу орындарында шетелдік дәрігерлердің қатысуымен шеберлік сабақтары өткізіліп келеді. Күрделі операцияларды бірлесе жүзеге асырудың оң нәтижесі айтарлықтай.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Елде жоспарланып отырған медицина саласын реформалау бойынша бағыт көп. Соның бірі шетелдерден келетін емделушілер үшін бірыңғай реестр құру бастамасы. Бұл тізімде бүкіл мемлекеттік және жекеменшік емханалар туралы толық мәлімет болады.

Ақпарат бірнеше тілге аударылады. Мұндай бастама медициналық туризмді дамыту жолында қолға алынған. Озық технологиялардың арқасында күрделі операциялар саны артып, мыңдаған адам өмірге қайта оралды.

Жасур Собиров, Өзбекстан Ұлттық медицина орталығының бөлім басшысы:

Емделушілерге таңдау еркі берілген. Өзге елден келген мамандарға ота жасатқысы келсе, олардың талабы ескеріледі. Жыл басынан бері үндістандық әріптестерімізбен бірлесе отырып, екі бірдей бауыр трансплантациясы сәтті жасалды.

Ауруды бастапқы кезеңінде анықтау деңгейін барынша көтеру көзделген. Жыл сайын балабақша мен мектеп жасындағы балалар, 18-40 жас аралығындағы тұрғындар тексеруден өткізіледі. Қызмет сапасын бағалау мақсатындағы «кері байланыс» жүйесі сыбайлас жемқорлықты азайтуда таптырмайтын әдіс.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу