Өзбекстан Президенті Қазақстанға жұмыс сапарымен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан Президенті Қазақстанға жұмыс сапарымен келді

29.03.2025

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесуі кезінде осылай деді. Лидерлер Алматыдағы бірнеше спорттық нысанды аралып, жұмысымен де танысты. Оңғар Алпысбайұлы жалғастырады.

Елімізге жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Алматы Әуежайында Президенттің өзі қарсы алды.

Екі ел Президенттері Алматы тау шаңғысы кластерімен танысты

Одан соң Прзиденттер бірнеше нысанды аралады. Шымбұлақ жылына 1 млн 400 мыңнан астам адам қабылдайтын спорттық-туристік нысан. Қазір, мұнда 5 аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал шаңғы тебуге арналған трассаның жалпы ұзындығы 25 шақырым. Қала әкімі президенттерге Іле Алатауының асқаралы шыңдарын көрсетіп, Кіші Алматы шатқалындағы «Медеу» селден қорғау бөгетін салу тарихы жөнінде айтты.

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері «Медеу» спорт кешеніне барды

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері «Медеу» спорт кешеніне де, барды. Мұз айдынының әлемдік спорт тарихындағы орны ерекше.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

1972-1991 жылдары мұнда әйелдер мен ерлер арасында өткен жарыстарда барлық қашықтық бойынша 247 рет рекорд орнатылған. Өйткені бұл жерде ауа қысымы төмен. Спортшылар ауаны оңай жарып өтеді, еркін тыныстайды. 2024-2025 жылғы маусымда мұз айдынына 460 мың адам келген.

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері бейресми кездесу өткізді

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен Алматыға қош келдіңіз деп айтқым келеді. Сіздің сапарыңыз бейресми болса да оның мағынасы өте жоғары. Сондықтан бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа үлкен серпін береді деп мен ойлаймын.

Президент бауырлас халықтарды жақындастыруға Шавкат Мирзиёевтің зор үлес қосқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық, су шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықтың перспективасын жан-жақты талқылады.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан президенті:

Соңғы жылдары қарым-қатынасымыз мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз – одақтаспыз. Өзара сыйластығымыздың арқасында көптеген мәселе шешімін тауып келеді, екеуара уағдаластықтардың барлығы іске асырылып жатыр. Нақты нәтижелер бар. Әрбір осындай бейресми жүздесулер біздің байланыстарымызға, барлық келісімдеріміздің орындалуына тың серпін береді.

Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды. Кездесу соңында президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу