Мьянмада жер сілкінісі құрбандарының саны 1000-нан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мьянмада жер сілкінісі құрбандарының саны 1000-нан асты

29.03.2025

Мьянмада жер сілкінісі құрбандарының саны 1000-нан асты. Тағы үш жарым мыңға жуығы жараланған. Мұны осы елдің әскери хунтасының басшысы Мин Аунг Хлайнг бүгін мәлімдеді. Тағы ондағаны жоғалып кеткендер санатында. Дегенмен АҚШ-тың Геологиялық қызметінің болжамынша, қаза тапқандар 10 мыңнан асуы мүмкін. Бір Мандалай қаласының өзінде 1600-дей үй жермен-жексен болған. Және де миллиондаған тұрғынға төрт сағат қана жарық беріліп отыр.

Тағы бір айта кететін жайт - қазір Мьянмаға әлем елдері гуманитарлық көмек пен құтқарушылар аттандырып жатыр. Солардың қатарында Үндістан, Қытай, Ресей, АҚШ сияқты мемлекеттер бар.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Иә, біз көмектесетін болдық. Ол жайында халыққа ескертіп қойғанбыз. Иә, болған оқиға сұмдық екен. Өте жаман апат, біз жәрдемдесеміз. Осы ел үкіметімен бұл туралы сөйлестік.

Кешегі қуаты 7,7 балдық зілзаладан көршілес Таиланд та айтарлықтай зардап шекті. Оның астанасы Бангкокта жер тербелгенде зәулім ғимараттардың бассейндерінің суы жан-жаққа төгілген. Және де сол үйлерді байланыстыратын көпірлер қирады. Соңғы мәліметке қарағанда Таиландта алапат дүмпуден 9 адам қаза тапқан.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу