Үкімет басшысы энергетика саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы энергетика саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

27.03.2025

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Президенттің энергетика саласына қатысты тапсырмаларының орындалуын тексерді. Ол Екібастұздағы бірінші және екінші электр станцияларын жаңғырту, реконструкциялау жұмыстарымен, сондай-ақ енді салынатын үшінші электр станциясының жобаларымен танысты. Ал кеңесте жаңа қуат көздерін іске қосу, инфрақұрылымды жаңғырту, батыс аймақтың электр желілерін бірыңғай жүйеге біріктіру және энергия тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында электр энергиясының 15-20 пайыз деңгейіндегі резервтерін құру, батыс аймақтың электр желілерін еліміздің бірыңғай энергия жүйесімен біріктіру, сондай-ақ оңтүстік аймақты күшейту бойынша жұмыстарды аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге 2035 жылға дейін біз кем дегенде 26 ГВт жаңа қуат көздерін қолданысқа енгіземіз. Жаңартылатын энергия көздері газ, гидро және атом энергетикасы қуаттарын іске қосу арқылы қамтамассыз ету керек.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, елдегі 227 электр станциясының орташа тозу деңгейі 56%-ға жеткен. 2029 жылға дейін 68 жоба жүзеге асырылып, 2035 жылға дейін қолданыстағы стансалар жаңғыртылып және кеңейтілмек. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев еліміздің ірі кәсіпорындарымен энергия тұтынуды төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өз кезегінде Олжас Бектенов көмір химиясын дамыту және көмірді қайта өңдеудің инновациялық технологияларын енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек Семей, Өскемен, Көкшетау қалаларында заманауи көмір станцияларын салу және экономиканың даму қарқынына сәйкес энергиямен қамтамасыз ету шараларын жеделдету қажет екенін атап өтті.

Зайролла Самбаев, МАЭС-1 қазандығы қосалқы жабдықтар цехының аға шебері:

Біздің цех қазандықтың қосалқы жабдықтарын жөндеумен айналысады. Осы жылы Президентіміздің бастамасымен жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Жас жұмысшылардың мәртебесін көтеретініне сенеміз. Энергетика саласын дамытуға барлық күш жігерімізді саламыз.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу