Мемлекет басшысы Қытай Коммунистік партиясы орталық комитеті халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаоны қабылдады. Кездесуде тараптар сауда, инвестиция және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Президент қазақ-қытай жан-жақты стратегиялық серіктестігі қарқынды дамып келе жатқанын және болашақта да жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ маусым айында Астанада өтетін «Орталық Азия – Қытай» саммиті мемлекеттер арасындағы ынтымақтың жаңа мүмкіндіктерін айқындайтынына сенім білдірді. Бұдан бөлек Қазақстан «Біртұтас Қытай» саясатына бейіл екенін және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің әділ әлемдік тәртіп орнатуға бағытталған бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Ал Лю Цзяньчао Қытайдың Қазақстанды стратегиялық тұрғыдан маңызды серіктес санайтынын және екі ел арасындағы әріптестікті тереңдетуге ниетті екенін айтты.
Серік Жұмабек
