Қарқаралы халқы ауызсуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралы халқы ауызсуға жарымай отыр

26.03.2025

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының тұрғындары ауызсудан таршылық көріп келеді. Қаланы 4 ұңғыма сумен қамтығанымен, қысым мүлде жоқ. Жергілікті билік осыдан бірнеше жыл бұрын қаладан 40 шақырым жердегі жерасты су көзінен құбыр тарту жұмысын бастаған. Жоба өткен жылы аяқталуы керек еді. Алайда тағы 1 жылға шегерілді. Себебі шаһардың ішкі су құбырлары 80 пайызға тозған.

Қала тұрғыны Несіпхан Темірғалиевтің айтуынша, қалаға Жарлыдан су тарту жұмыстары 1987 жылдары басталған. Кейін жоба қаржының жоқтығынан тоқтап, құбырлар қолды болған. Содан бері халыққа тіршілік нәрі уақытша қазылған ұңғымалардан беріліп келеді. Алайда қысымның жоқтығынан су ақпай қалатын кездер жиі болады.

Несіпхан Темірғалиев, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

Жаздыңгүні суға деген сұраныс жоғары болады. Ел кәдімгідей бау-бақшаларын суғарады, басқа да жағдайларға пайдаланады. Сондықтан әсіресе жазда су мәселесі Қарқаралыда өте өзекті болатын. Аз пайдаланылған жоқ Қарқаралының жерасты суы. Енді соның деңгейінің де түсіп кеткен жағдайы болған шығар. Сондықтан судың тапшылығы қыс айларында да болып тұрады.

Бүгінде қаланы 4 ұңғыма ауыз сумен қамтамасыз етеді. Олардың жұмыс істеп тұрғанына 50 жылға жуықтаған. Бірақ жерасты су қоры жылдан жылға азаюда. Соның салдарынан қала маныңдағы орман да сиреп барады. Сондықтан 40 шақырым жердегі жер асты суын қалаға тарту көзделген.

Мейірлан Сәдуақасов, Қарқаралы ауданы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі:

Бұл жобада тәулігіне 1600 текше метр су беріледі деп жоспарланып отыр. Енді бүгінгі күні қосып, тексеру жұмыстары қалды. Негізі 2024 жылдың аяғында бұл жоба іске қосылу керек еді. Қарқаралы қаласының ішкі су желілері дайын болмағандықтан 2025 жылға шегертілді.

Су қалаға 2024-жылы берілуі керек еді. Алайда қала ішіндегі құбырлардың 80 пайызы тозған. Қатты қысымға шыдамайды. Былтыр 34 шақырым желінің тек 10 шақырымы ғана жаңартылды.

Ғалым Мұсағалиев, Қарқаралы қаласы сумен жабдықтау кәсіпорнының басшысы:

Сол 34 шақырымды айырбастап жатырмыз. Қаланың ішіндегі құбырды айырбастаудың өзгешелігі бар. Анау далаға салғандай емес. Өйткені қаланың ішінде коммуникациялар бар ғой. Оптика волокно, теплотрасса дейді, канализация бар. Сондықтан бөгеттер болады.

Қарқаралы қаласында 9 мыңнан аса тұрғын бар. Ғалымдардың пайымынша Жарлы жерасты суы қалаға ғана емес, маңайдағы ауылдарды да қамтамасыз етуге жетеді. Бірақ тұрғындар биыл да жоба аяқсыз қала ма деп алаңдаулы.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу