Мәжіліс Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюцияны қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюцияны қабылдады

19.03.2025

Қазақстанда әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп, әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқындалып келеді. Президенттің реформаларын іске асыруға арналған Мәжілістің жалпы отырысында Палата спикері Ерлан Қошанов осылай деді. Бүгінгі жиында саяси реформалар тұрғысында атқарылған және жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарға да назар аударылды.

«Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы». Президенттің 2022 жылғы Жолдауы осылай аталды. Ол негізгі саяси реформалардың бастауы болды. Қазақстан үшін ғана емес әлем үшін алмағайып заманда уақыт сұранысына сай бейімделе отырып, өзгеру бүгінге дейін сәтті жүргізіліп жатыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Шын мәнінде жаңа, әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол халқымыздың талап, тілегінен қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Ал реформалар жәй ғана заңды өзгерту емес тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс бітімін жаңғырту, жаңарту. 

Бұған дейін мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялаған. Оны жүзеге асыру үшін «Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» формуласы енгізілді. Мәжіліс депутаттары бір мандатты тәсілмен сайлана бастады. Ауыл, аудан әкімдерін сайлауды бастап кеттік. Маңызды шешімдер референдум арқылы қабылданып жатыр. Мұның бәрі саяси өзгерістің көрінісі.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Саяси реформалардың ең негізгі түпкі мақсаты – ол халықтың әлеуметтік деңгейін көтеру. Қазақстан халқының әлеуметтік деңгейін көтеру үшін бізге экономикалық реформалар жасау керек. Осы реформадан кейін бізге жаңа өндірістік саясат реформасы керек. Оның негізгі өзегі біз шетелге шикізатты емес, дайын өнімді шығаратын елге айналуымыз керек.

Дегенмен кей мәселенің орындалмауына депутаттардың пайымынша, билік құрылымындағы кейбір кемшіліктер себеп.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әлі атқаратын ауқымды әрі түйткілді проблемалар бар. Мысалы МӘМС бойынша әлі шешілетін сұрақтар көп. Тағы бір сұрақ жүздеген мың азаматтық қызметкердің жалақысының төмендігі. Және 500 мың мүгедектігі бар жандардың бүгінгі бағаларға сай келмейтін жәрдемақы мәселесінде болашақта бірге қарастырып, шешетін боламыз.

Енді еліміздің барлық қоғамдық-саяси күштері Мемлекет басшысының төңірегінде топтасады. Мәжіліс төрағасы осындай резолюция қабылдауды ұсынып еді, депутаттар бір ауыздан қолдады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу