Абай облысында ұлттық мәдениетті ұлықтаған мектеп бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында ұлттық мәдениетті ұлықтаған мектеп бар

18.03.2025

Мектеп формасының орнына ұлттық киім, ұялы телефон мен гаджеттердің орнына ұлттық спорт. Абай облысының Үржар ауылындағы білім ошағы екі жылдан бері төл мәдениетіміз бен дәстүрді білім берумен ұштастырып келді. Ондағы оқушылар бос уақытында тек тоғызқұмалақ, бестас, асық атып ойнайды. Домбыра тартып, үзілісте қазақтың «Қара жорғасын» билейді.

Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепте таңғы жаттығу қатар тұрып «Қара жорға» билеуден басталады. Мектептің әр бұрышында бос кезде асық ойындарының түр–түрі мен тоғызқұмалақ ойнауға мүмкіндік жасалған. Оқушылар мен ұстаздардың үстінде ұлттық нақыштағы киім.

Мөлдір Қабдыханова, 8 сынып оқушысы:

Үстімізде киіп жүргеніміз ұлттық киімдер. Олар әр сыныпта әртүрлі. Мысалы бізде осындай жасыл түсте. Кейбір сыныптарда этнокарсеттер киеді. Ол өте дұрыс деп ойлаймын. Өте әдемі.

Төл мәдениетімізді дәріптеп жүрген екі жылдың ішінде балалардың білімге құштарлығы артып, тәрбиелері жақсарған. Тәртіп бұзу тыйылып, таланттары ашыла түскен. Соның бір ғана мысалы 4-сынып оқушысы Хақназардың бейнелеу өнеріне кәсіби түрде ден қоюы, дейді ұстаздар. Жас таланттың туындылары көздің жауын алады.

Хақназар Бейбітұлы, 4 сынып оқушысы:

Шабыт мысалы түнгі сағат бірде, екіде, бесте келеді. Оянамын да сурет сала беремін. Мысалы жануар, орман, табиғат тақырыптарында сурет саламын деп айтуға болады.

Ұстаздар ұлттық құндылықтарды бала бойына ертеден сіңірудің пайдасы ұшан теңіз екендігіне көз жеткіздік дейді.

Әлия Ахметова, мектеп директоры:

Пайдасын көріп жатырмыз. Бұл жерде ең бастысы тәртіп бұзушылық, буллинг, кибербуллинг, лудоманияға біздің оқушылардың қатысы жоқ. Ең бастысы осы мәселені шештік деп ойлаймыз. Өйткені балаларымыздың уақыты тиімді өтіп жатқандықтан ондай жаман нәрседен аулақ жүреді.

Мектеп өз әдістемелерін өзге әріптестеріне тарата бастаған. Қазірдің өзінде Үржар ауданындағы бірнеше білім ошағы ұлттық бағытта білім мен тәрбие беруге көшкен.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу