«Қызғылт қоян туралы ертегі» фильмінің жалғасы түсіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қызғылт қоян туралы ертегі» фильмінің жалғасы түсіріледі

14.03.2025

Көпшілікке танылған «Қызғылт қоян туралы ертегі» көркем фильмінің жалғасы түсірілмек. Осы ретте Kinopark-Kinoplexx компаниялар тобы мен «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп, өзара келісімшартқа отырды. Қазір туындының сценариі талқыланып жатыр.

«Қызғылт қоян туралы ертегі» фильмі 2010 жылы жарыққа шығып, көрермен көзайымына айналған еді. Енді Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниялар тобы мен «Қазақфильм» бірлесіп, сәуірде киноның жалғасын түсіруге кіріседі. «Қазақфильм» түсірілім павильондары мен техникалық жабдықтарды, көркемдік материалдар, костюмдермен қамтамасыз етпек.

Алмаз Малдыбаев, Kinopark-Kinoplexx компаниялар тобының президенті:

Қазақфильмнің кинолары бізде көрсетіліп жатыр. Бір-бірімізге көмектесіп, кинотеатрлар тарапынан жарнама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бірлестікте бірге жұмысты әрі қарай ойластырып, бірге кино түсірсек деген жоспарлармен 5-6 ай жүргенбіз. Қазір сценариі жұмыстары аяқталып жатыр. Оның мазмұны, тақырыбы келісілді.

Сондай-ақ қос тарап бірлесіп, жас актерлердан труппа жасақтап, «Қыз Жібек», «Бандыны қуған Хамит» және өзге де тарихи туындыларды қайта түсіруді жоспарлап отыр. Қазір көркем фильмдердің мазмұнын жан-жақты зерттеліп жатыр. Келер жылдың соңында түсірілім жұмыстары басталмақ.

Айдар Омаров, «Ш.Айманов атындағы қазақфильм» АҚ президентінің міндетін атқарушы:

Жастар ескі киноны көре бермейді ғой. Сондықтан кезінде танымал болған, көпшілік сүйіп көрген көркем фильмдерге жаңаша леп беруді мақсат етіп отырмыз. 30-40 жыл бұрынғы киноларды қайта түсіріп, халыққа ұсыну тәжірибесі басқа елдерде де бар.

Қос тараптың ынтымақтастығы еліміздегі жанрлық киноның одан әрі дамуына серпін береді, дейді мамандар.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу