Атырауда кәсіпкерлер өңдеу өнеркәсібіне бет бұра бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда кәсіпкерлер өңдеу өнеркәсібіне бет бұра бастады

12.03.2025

Атырау облысы Қызылқоға ауданында шаруа қожалықтары мал өнімдерін өңдеуді бастады. Жуырда жоба құны 265 млн теңгені құрайтын алпауыт сүт цехы ашылып, ауыл тұрғындарын түрлі өнімдермен қамтамасыз етуде. Нәтижесінде бірнеше адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Шаруашылыққа солтүстік өңірден 800 симментал сиыры әкелінген. Оның 50 шақтысы күніне екі мезгіл сауылып, 200 литрдей сүт береді. Сол арқылы өнімнің түр-түрі өндіріліп отыр.

Цехта тәулігіне 1 тоннаға дейін сиыр сүті өңделеді. Мұнда табиғи пастерленген сүт, қаймақ және айран, ірімшік өнімдері ешқандай қоспасыз шығарылуда. Бағасы да қолжетімді. Жұмыс қызу.

Дана Сисенбай Алматы технологиялық университетін сүт өнімдері технологиясы мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір ауылға оралып, цехта технолог болып жұмыс істейді.

Дана Сисенбай, цех технологы:

Айранның төрт түрі өндіріледі. Нағыз айран, йогурт түрлері. Ал негізінен ірімшек, майқұрт, сүзбе сияқты өнімдері, қаймақтар шығарылады. Құрт та бар.

Өнім цехтағы 5 түрлі қазандықта жиналып, ұйытылады. Кейін қаймақ пен сүті бөлініп, пастерленген бөтелкелерге құйылады. Сұраныс жоғары. Облыс орталығымен де байланыс жолға қойылған. Цехта 10 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Осындай кәсіпорындарды ашу арқылы жұмысссыздық мәселесі оң шешімін тауып келеді.

Абат Ақбалашұлы, Ойыл ауылдық округінің әкімі:

Біздің округ бойынша 100-дің үстінде ресми тіркелген жұмыссыздар бар. Соның биыл 62-сін жұмысқа орналастырдық. Қоғамдық жұмыс, тұрақты жұмыс секілді.

Ауданда кәсіпкерлікті қолдау қарқынды. Өткен жылы 85-тен астам жобаға 1 млрд 85 млн теңге бөлініп, шаруалар кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек «Бизнес аймақ» жобасы арқылы 100-ге тарта азамат төмен пайызбен несие алып, кәсібін ашқан. Ал өңдеу өнеркәсібі бойынша қазір 19 жоба қаралып жатыр.

Зинеш Сарыбөпеева, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Мал сою цехына ұсыныс түсіп тұр. 3 округтен сәулет және қала құрылысы бөліміне ұсыныстары қабылданып, жерін аукционға шығарып жатыр. Оның ішінде бір Тасшағыл ауылының бір кәсіпкері жерін алып, кәсіп ашуға дайын отыр.

Жергілікті әкімдік кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тағы да бірнеше жобаларды іске асырмақ. Олардың айтуынша кәсіпкерлер көбіне өңдеу өнеркәсібіне бет бұрып келеді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу