Көк аспанда ақ күмбез жайған арулар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көк аспанда ақ күмбез жайған арулар

08.03.2025

Талдықорғандағы 18404 әскери бөлімінде 100-ден астам қыз-келіншек қызмет етеді. Отан алдындағы борышын өтеп, ер азаматтармен тең ел тыныштығын күзетеді. Осы күндері десантты-шабуылдаушылар бригадасының офицерлері мен жауынгерлері парашютпен секіріп, өз біліктілігін шыңдауда. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көк аспанда ақ күмбез жайған арулармен әріптесім Қуаныш Қанатұлы тілдесіп қайтты.

Әскери тікұшақ десантшыларды діттеген жеріне жеткізуге дайын. Ал осы сәтте арулар парашюттерін қабылдап, мұқият тексеруден өтіп жатыр. Көкке көтірілетін әр жауынгер үшін бұл ең жауапты сәт. Өйткені парашют олардың аспандағы қанаты, жерге аман-есен қонуының кепілі.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Мына парашюттің салмағы 16 кг екен. Ал десантшы қыздарымыздың орташа салмағы 48 келі десек, сонда олар өздерінің салмағының үштен бірін көтеріп жүреді. Ал оған қару-жарақты да қосыңыз.

Барлық тексеруден өткеннен кейін қыздарға әскери-тактикалық нұсқаулар беріледі. Қайда ұшып, қайда қону қажет және қалай әрекет ету керектігі түсіндіріледі. Одан кейін ғана әуе кемесіне мініп, көкке көтеріледі.

Десантшылар арқасындағы парашют түріне қарай әртүрлі биіктіктен секіреді. Бұл жолы арулар 800 метрді бағындырды. Қорқынышты жеңіп, алғашқы қадам жасағаннан кейінгі әсерді сөзбен жеткізу қиын дейді, Аружан Кирікбаева.

Аружан Кирікбаева, санитар-нұсқаушы:

Борттан секіруді орындаған кезде бізде мынандай әсер болады. Тек қана мен, аспан және тыныштық. Ол өте керемет сезім. Бір сәтке, 2-3 минут уақыт аралығында тек қана өз ойыңмен аспанмен жеке оңашада қаласың. Өте керемет сезім.

Парашютпен секіру әскерде жүрген қыздардың орындайтын міндетті жаттығуларының бір парасы ғана. Қарулы күштер қатарында нәзік жандылар ер азаматтармен тең барлық нормативтер мен талаптарды орындауы тиіс.

Бақтияр Қырғызалиев, 18404 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

Жарғыға сәйкес әйел қызметкер еркек қызметкер деп бөлінбейді. Біздің әскери бөлімдегі әйелдер ер балалармен бірдей, әскери қызметшілермен бірдей барлық жаттығуды атқарады. Егер әйел қызметкерлердің жасы 25-тен асатын болса олар 6 парашюттік секіріс жасау керек бір жылда.

Мереке қарсаңындағы кезекті жаттығуын абыроймен орындаған аруларды жерде тосын сый күтіп тұрды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу