Еуропалық TÜV компаниясы Қазақстанда өкілдігін ашып, ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамытуға атсалыспақ. Компания басшылары еліміздің Бельгиядағы елшісімен кездесіп, Алматыда аймақтық кеңсе ашу тетіктерін талқылады. 1872 жылы Австрияда құрылған халықаралық тәуелсіз ұйым тауарлар мен өнімдерге сапа сертификатын беру, техникалық бақылау жүргізу, экологиялық стандарттарды сақтау бойынша әлемде көшбасшы. Компания Қазақстанға озық тәжірибесі мен халықаралық сапа стандартын енгізіп, отандық өнімнің әлемдік нарыққа кедергісіз шығуына септігін тигізбек. Сондай-ақ Қазақстанда өкілдігін ашу арқылы елдегі шахталар, өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті күшейтіп, авто және теміржолдарды халықаралық қауіпсіздік стандартына сәйкестендіруге күш салмақ.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның ЕуроОдақ пен НАТО жанындағы миссиясының басшысы:
Қазақстан өнімдерін шетелге шығару үшін осы компания сияқты әлем мойындаған халықаралық қауымдастықтың техникалық, тұтынушылық қауіпсіздігі тексерілгені жайлы сертификатын иемдену өте маңызды. Тиісінше, компания біздің нарықтағы шетелдік өндірушілер өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты техникалық бақылау жүргізеді.
Янки Унал, TÜV компаниялар тобының Азия мен Африка бойынша атқарушы вице-президенті:
Мақсатымыз - Қазақстан нарығының тартымдылығын арттыру. Мұнайгаз саласында өндіріс процесін оңтайландыру, көмірқышқыл газын ауадан тұту, оның мөлшерін есептеу. Сарапшыларды жалдау арқылы азаматтардың білімін жетілдіру және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Бастапқыда он адамды, әрі қарай 200 адамды жұмысқа алсақ деген жоспарымыз бар.
Нұрсұлу Қасым
