Жасөспірімнің жамбас сүйегіне алғаш рет күрделі операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімнің жамбас сүйегіне алғаш рет күрделі операция жасалды

06.03.2025

Енді жамбас сүйегінде ақауы бар, мүмкіндігі шектеулі балалар шетел аспай отандық дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады. Елімізде тұңғыш рет кәмелетке толмаған балалардың жамбас буынын эндо-протездеу операциясы жасалды. 11-сынып оқушысы Мейірхан Сәлім бұл отаны ұзақ күтті. Айтуынша 13 жасында футбол ойнап жүріп аяғы мертіккен. Мамандарға жүгініп, жамбас сүйегіне зақым келгені анықталыпты. Салдарынан жүріп-тұруы қиындап, мектепті қашықтан оқуға мәжбүр. Қазір жағдайы жақсы. Дәрігерлер бір ай ішінде өз аяғымен толық жүріп кетеді деп уәде беріп отыр.

Мейірхан Сәлім, пациент:

Жақсару бар, мен ота жасалмай тұрғанда аяғым қысқа болды, қазір аяғым орнына келді, бәрі түзу. Өте қуаныштымын, келесі қадамым өте маңызды қадам болады. Университетке түсемін, балдақтарды тастап екі аяғыммен жүріп кетемін.

Балаларға бұл операция тегін жасалады, қайырымдылық қоры демеушілік көрсетеді. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінен 30-ға жуық науқас операцияның жаңа түріне кезекте тұр. Дәрігерлер күрделі отаны айына 2 мәрте өткіземіз деп жоспарлап отыр.

Ағабек Әлібекұлы, №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

18 жасқа келгені күтетінбіз, содан кейін ғана отаға алатын бұрын, қатты қиналғандар шетелге баратын. Түркия, Корея, Ресейге баратын. Бұл екі ота әрқайсысына 1,5 сағаттай жасалды, жақсы өтті, енді 11 наурыз үйге шығады, менің ойымша 1 жарым айдан кейін балдақ тастауға болады.

Аида Ахметбек  

Хабарламаларға жазылу