Абай облысында «Арена» спорт кешенінің жаттықтырушылары бірнеше ай жалақы алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында «Арена» спорт кешенінің жаттықтырушылары бірнеше ай жалақы алмаған

06.03.2025

Бұған дейін сенімгерлік басқаруда болған «Арена» мәдени-спорт кешені жергілікті әкімдіктің иелігіне қайтарылды. Содан бастап 5 түрлі спорт бойынша тәрбиеленетін балалардың берекесі кетті, дейді ата-аналар. Уақытында жаттығулар өтпей, ауқымды жарыстарға дайындық тоқтаған. Тіпті бұрыннан жұмыс істеп жүрген бапкерлер айлап жалақы алмаған.

Серікжан Хасенов, Семей қаласының тұрғыны:

Міне, үш ай болды жалақысыз жұмыс істеп жүр. Масқара ғой. Біз шыдамай, өзіміз жинап бердік.  Біреуі 5 мың, біреуі үш мыңнан жинап, тренерлерге көмек көрсеттік.

Ирина Истомина, Семей қаласының тұрғыны:

Жекеменшіктен мемлекеттің иелігіне ауысқан соң, балаларымыз бассейінсіз қалды. Жаттығу да, дайындық та жоқ. Жарыстар бірінен соң бірі өтіп жатыр. Бізде демеуші жоқ. Жергілікті әкімшілік қаржы бөлмейді. Балаларда не жарыс, не жаттығу, не арнайы форма жоқ. Түксіз қалды. 

Кешенде спорттың бірнеше түрінен мыңға жуық бала жаттығады. Алды жоғары нәтиже көрсетіп, ел біріншіліктерінде чемпион атанған. Бірақ нысан мемлекеттің меншігіне өткеннен бері үйірмелер кестесі қысқарып, жаттығуға шектеу қойылған. Сондай-ақ облыс атынан сайысқа қатысатын спортшылардың шығынын да өз қалтамыздан шығарамыз, дейді ата-аналар. Ал спортқа жауапты шенеуніктер мәселенің барлығы жақын арада шешіледі, деп сендіріп отыр.

Ержан Әбілқасымов, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Тренерлердің спорт және дене шынықтыру бағыты бойынша дипломдары болса, түгелі қалады. Балалармен сол тренерлар жұмысын жалғастырады. Суда жүзу,  теннис, баскетбол, футбол - бәрі қалады. Арнайы су және ойын түрлері бойынша спорт мектебі ашылады. Тегін болады. 

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу