Биыл Түркістан облысында 32 мектеп салынып, 41 білім ошағы жөндеуден өтеді. Бұл туралы Президент қабылдауында болған аймақ басшысы Нұралхан Көшеров айтты. Сондай-ақ 32 медицина мекемесі ашылып, 45 елді мекенге газ тарту жоспарланған. Көшеровтің айтуынша су арналарын салу бойынша 24 жоба жүзеге асырылады. Оған Ислам даму банкінен 135,5 млрд теңге тартылған. Мақта-тоқыма кластерінде құны 197 млрд теңгенің 5 жобасы жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың жаңа басшысына кеше қол қойылған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңда айқындалған міндеттерді сапалы жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар облыс тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту, туризм, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік бағыттарын дамытуды жүктеді.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:
Су үнемдеу технологияларын енгізу және ауылшаруашылығын сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасады. Қайта өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілуде. Облыста жүзеге асып жатқан шағын өнеркәсіп паркі жобасы аясында алдағы уақытта 29 жобаны іске қосу көзделіп отыр.
Шерхан Жамбылұлы
