Виртуалды аутопсия: Елімізде мәйітті кеспей зерттеу әдісі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Виртуалды аутопсия: Елімізде мәйітті кеспей зерттеу әдісі енгізіледі

03.03.2025

Елімізде мәйітті кеспей зерттеу әдісі енгізілмек. Тың тәсіл сот медициналық сараптамада қолданылады. Яғни заманауи компьютерлік томографияның көмегімен қайтыс болған адамның денесін кеспей, өлім себебі анықталады. Бүгінде бірнеше дамыған елде бар «Виртуалды аутопсия» деп аталатын әдіс туралы Самал Қабышева толықтырып айтады.

Виртуалды аутопсия әдісі осылай жүргізіледі. Адамның қолы жетпейтін, көзі көрмейтін детальды да анықтайтын мүмкіндігі бар. Заманауи технологияның артықшылығы өте көп дейді, мамандар.

Біріншіден, мәйітті кеспей ішкі органдарды зерттейді. Қателікке жол бермейді. Сарапшылардың жүктемесін азайтып, сараптама сапасын арттырып, инфекция қаупін азайтады. Уақытты үнемдейді. Цифрлық мұрағатты құруға жол ашады. Бұл әдіс енді еліміздің сот-медициналық сараптамасында қолданылмақ.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

«Виртуалды аутопсияны» енгізу жоспарлануда. Зерттеу мәйітті кеспей жүргізіледі. Бұл ұлттық және діни дәстүрлермен қайшылықты болдырмауға көмектеседі.

Әдетте мұсылман елдері мәйітті кескенді құп көрмейді. Мәселен, 20 жылдан астам сот медициналық сараптамада жұмыс істеп жатқан Келден Мақашев марқұмның туыстары көп жағдайда мүрдені кесуге қарсылық танытанын айтады. Демек осы тұрғыдан да бұл әдіс біз үшін тиімді болмақ.

Келден Макашев, Ғылыми-тәжірибелік сот-сараптамалары орталығының сот-медициналық сарапшысы:

Мысалы жол-көлік оқиғасы болады. Адам өледі. Бәріне мәлім көлік соғылды, ішіндегі адамдар қаза тапты. Тағы қандай мәйітті кесудің қандай қажеттілігі бар? деген сұрақтар қойылды.

Сондай-ақ ауруханада көз жұмса, жұмыс кезінде қаза тапса, кенеттен жан тапсырса, өлім себебін анықтау үшін денені кеспей, мүрдені зерттеу әдісін қолдану жоспарлануда. Бірақ, бұл зерттеу зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмғандарға қолданылмайды.

Алмас Келімбетов, ҚР Әділет министрлігі Сот-сараптама қызметін үйлестіру және бақылау басқармасының басшысы:

Зорлықпен қайтыс болған адамдарға міндетті түрде жүргізіледі. Яғни денесі ашылып ішіндегі ағзалары қосымша зерттеулерге жіберіледі. Сот медицинаның бағасы жалпы 90 мыңнан басталады. Қойылған сұрақтарға, күрделілігіне байланысты баға өседі.

Адам өлімнің себебін анықтау үшін ми, жүрек, өкпе, бауыр, асқазан және басқа органдар зерттеледі. Дененің 3 қуысын, кеуде, іш және бас сүйегін ашады. Ал, виртуалдық аутопсия - мәйітті компьютерлік сканер арқылы зерттейтін жаңа медициналық технология.

Самал Қабышева, тілші:

Мәйітті кеспей, сканерлеу арқылы адам өлімін анықтау әдісі Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Сауд Арабиясы сынды елдерде қолданылады. Егер осы виртуалды аутопсия әдісі біздің елге енгізілсе, алдымен пилоттық жоба ретінде жүзеге асады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларына енгізіледі. Ал нақты жоспар қашан жүзеге асады белгісіз. Себебі, виртуалды аутопсия құрылғысы нарықта өте қымбат дейді, мамандар. Бір данасының құны 350 млн теңгеден басталады екен.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу