Абай облысында ана мен бала өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында ана мен бала өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды

03.03.2025

Абай облысында ана мен бала өлімінен кейін дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Үржар ауданындағы перзентханада 34 жастағы келіншек босану кезінде қайтыс болып, ішіндегі шақалақ та шетінеген. Қайғылы жағдай 30 қаңтар күні болған. Төртінші баласын босануға келген Гүлнәр Қайратқызы ауруханадан аман шықпаған. Ана мен бала өлімінінен кейін, ауданның бас дәрігері қатаң сөгіс алып, оның екі орынбасары қызметінен қуылған. Ал медициналық сараптама, әйелдің ішіне қан кету салдарынан көз жұмғанын анықтаған. Енді марқұмның туыстары кінәлі медицина қызметкерлері заңға сай жазасын алсын, деп талап етіп отыр. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Сұңғат Әділбеков, Абай облысы ПД тергеу басқармасының бастығы:

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу