Елордалық оқушы телефонды күн сәулесімен қуаттайтын құрылғы жасап шығарды. 13 жастағы жас өнертапқыш Ибраһим Сұлтанның айтуынша, күн сәулесі әлемдегі ең таза энергия көзі. Ал құрылғының жұмысы күн сәулесін сіңіріп, арнайы панель арқылы электр энергиясын түрлендіреді, бұл ұялы телефонды қуаттауға жеткілікті болады дейді.
Ибраһим Сұлтан, жас өнертапқыш:
Менің есімім - Ибраһим, 49 мектепте 8-сыныпта оқимын. Жобаның мақсаты - күннен қуат алу, телефонды суыту. Мен бұл желдеткішті босқа қоймадым. Телефон күн көзі арқылы қуатталғанымен, қызып кетуі мүмкін. Сондықтан оған желдеткіш енгіздім. Жобаға керек болған заттар қапшық, желдеткіш, күн панелі, екі қуаттағыш. Күн панелі күннен қуат алу схемасынан өтеді. Солай қуатталады. Ауылда желі, тоқ көзі болмаса, тауға шыққанда алып кетсе, болады. Мысалы, балық аулағанда үстелдің үстіне қойып қоясыз, біраз уақыттан соң қуатталады. Бұл жобаны 1 күнде жасап шықтым, ойластырғаныма 1 жыл болды. Менің жобам көп. Мысалы, қар еріту жобасы. Оны тек еріту ғана емес, қар суы арқылы жылыжайды суару идеясы бар. Фильтрден өтіп, бөшкеге жиналады. Сол жерден жылыжайға барады, ол үшін сорғыш қолдандым. Сол сорғыш арқылы жазда да, қыста да жылыжайды суарамын. Менің арман-мақсатым - Қазақстанда жаңа техника шығарғым келеді. Машина жасау зауыттары, әскери база, әскери техника жаңадан жасағым келеді.
Аида Ахметбек
